Қызылордада коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын егу басталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін Қызылордада коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші дозасын егу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақпан айының басында өңірге «Спутник V» вакцинасының 1 мың дозасы жеткізіліп , ол жергілікті тұрғындарға егілді. Олардың 939-ы медицина қызметкері болса, 61-і басқа да ерікті түрде келген қала тұрғындары.

Бүгін тағы 1 мың доза облысқа жеткізіліп, бұдан бұрын екпе қабылдаған азаматтарға араға үш апта салып, екінші мәрте дозаны егу жұмыстары жүргізілуде.

Сала мамандарының айтуынша, бұл жолғы екпе алдыңғы вакцинаның әсерін күшейтеді. Әрі ағзадағы қорғаныш қабілетін арттырады.

«Өзім ерікті түрде ақпанның бірінде алғашқылардың бірі болып екпені салдырдым. 21 күн уақыт өтсе де екпенің еш кері әсерін байқамадым. Сол себепті бүгін екпенің екінші кезеңінен өттім. Біз бүкіл елді дүрліктірген коронавирус инфекциясын тұрғындар сақтық шараларын толық жасағанда ғана жеңе аламыз. Ал екпенің бұл ретте пайдасы зор. Сондықтан қазір халық арасында вакциналаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.

Айта кетейік, «Спутник V» ресейлік вакцинасының екінші дозасы қалалық №1-ші, №3-ші және №6-шы емханаларда жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар