Қызылордада коронавирус жұқтырғандардың басым көпшілігі - вакцина алмағандар

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында өткен тәулікте 168 адам коронавирус жұқтырды. Бұл - пандемия басталғаннан бергі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде пандемия басталғалы коронавирус инфекциясының 9369 жағдайы тіркелді. Мәселен, соңғы тәулікте 168 дерек анықталды.

Індет жұқтырғандардың басым көпшілігі облыс орталығынан тіркелуде. Оның ішінде, 14 жасқа толмаған балалардың үлесі - 19.

- Күнделікті жүргізілетін эпидемиологиялық талдау нәтижесі көрсеткендей, COVID-19 жұқтырғандардың басым көпшілігі - вакцина салдырмаған адамдар. Қазір әлемде, республикада, аймақта эпидахуал өршіп тұр. Ауруханаларда жүктеме артты, індет жұқтырғандардың басым көпшілігі ауыр халде жатыр. Былтыр аурудың симптомсыз түрі көп тіркелген болса, биыл аурудың мутациялануынан ауыр ағымда өтуде. Бұл жағдайды тұрақтандырудың жолы – сақтық шаралары мен вакцинация. Вакцина алу, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған. Онлайн екпеге жазылып, өз емханаңызда немесе ірі сауда орындарында ешбір кезексіз вакциналануға болады. Ауруды еңсеруге бірге күш салуға шақырамыз,-деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

1 ақпан мен 26 шілде аралығында облыста вакцинаның 1 компонентімен 220 060, 2 компонентімен – 140 309 адам екпе салдырған.

Мониторинг тобының мүшелері 11 820 нысанға рейд жүргізді. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 396 дерек анықталып, оларға әкімшілік айыппұл салынды.

Еске салсақ, Қызылордада «Ashyq» арқылы жұмыс істейтін нысандарға кірмек болған 12 адамға айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар