Қызылордада коронавирус жұқтырғандар саны артты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус жұқтырғандар саны артып кетті. Олардың басым бөлігі қатерлі вирус жұқтырған науқастармен жақын қарым-қатынаста болғандар арасынан анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен тәулікте облыста 39 адам коронавирус жұқтырған. Осыған байланысты облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова үндеу жариялады. Онда жұмыс орындарындағы санитариялық-эпидемиологиялық, дезинфекциялық талаптардың орындалуына жіті мән беруді сұраған.

Бүгінгі күні облыс бойынша коронавирустық инфекция жұқтырғандар саны 4198 адамға жетті. Оның 3 пайызы сырттан тасымалданған болса, 56 пайызы скринингтік тексеру нәтижесінде анықталған. Ал 41 пайызы қарым-қатынас арқылы жұқтырған.

Өңірде карантин талаптары кезең-кезеңімен жеңілдетілген. Дегенмен бірқатар шектеулер әлі де сақталуда. Бірақ той жасау, салтанатты шаралар өткізу тыйылмай тұр. Арнайы мониторингтік топ жыл басынан бері отбасылық 28 той-жиын өткізген деген дерек анықталды. Еске салайық, қазір тек шектеулі адамдар санымен тек ас беруге рұқсат етілген.

«Әрбір тұрғынның вирустың таралуын тоқтатуға мүмкіндігі бар. Ол бетперде кию, жеке гигиена талаптарын, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтаумен байланысты. Сондай-ақ дене қызуы көтеріліп, жөтел және тыныс алу қиындаған жағдайда медициналық көмекке жүгінуге шақырамын. Адамдар көп шоғырланатын орындарға баруды, шектен тыс қонақ шақырып, отбасылық мерекелерді тойлауды кейінге қалдыруды сұраймын. Әрбір тұрғын мамандар кеңесіне құлақ асып, карантин талаптарын орындаса инфекцияның да таралуын тежеуге мүмкіндік болады. Жауапкершілік ортақ - қауіпсіздік те ортақ», - деді Динара Жаңабергенова.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрын Қызылорда облысында 7119 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды.



Соңғы жаңалықтар