Қызылордада көпбалалы аналарға пәтер кілті табысталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Жаңа жыл қарсаңында көпбалалы аналар мен «Атамекен» балалар ауылының екі тәрбиеленушісіне жаңа пәтер кілтін табыс етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Қызылорда қаласындағы бірқатар нысанды аралады. Алдымен балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысып, бүлдіршіндерге арналған ертеңгілікке қатысты. Сондай-ақ, «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесті. Балалар ауылында «Робот техникасы», «Медиа клуб», «Шағын тігін шеберханасы», «Балалар және қолөнер бөлмесі» және «Арт студиясы» кабинеттері ашылған.

Балалармен кездесу барысында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы тұрғындарының бірқатар жетістіктеріне тоқталып, Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Жүздесу барысында «Атамекен» балалар ауылының екі тәрбиеленушісі Мәриям Әуезханова мен Любовь Нежеловаға жаңа пәтер кілттерін табыс етті.

Одан кейін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов «Нұрлы-Жер» бағдарламасы аясында Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтерген арендалық тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыстады. Айта кету керек, бүгінгі жаңа пәтер иелерінің басым бөлігі көп балалы аналар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілді.

Қызылорда қаласында соңғы 6 жылда 15 жаңа шағын аудан бой көтерді. Нәтижесінде 7 мыңнан аса қызылордалық баспаналы болды.

«Аймақта құрылыс саласындағы жұмыстардың ең ауқымдысы Қызылорда қаласындағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы бөлігінде атқарылды. Республикалық, облыстық бюджет есебінен 820 пәтерлік 16 көпқабатты арендалық тұрғын үй мен 830 пәтерлік 17 көпқабатты кредиттік тұрғын үйдің құрылыстары жүргізілуде. Қаржыландырудың барлық көздері есебінен есепті мерзімде жалпы ауданы 381 мың 308 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді», - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.


Соңғы жаңалықтар