Қызылордада карантин талабына байланысты жаңа қаулы күшіне енді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында карантин талабына байланысты жаңа қаулы күшіне енді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін «Ashyq» пилоттық жобасына қатысты облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің Қаулысы қабылданды. Аталған қосымшаны енгізген кәсіпкерлік нысандар карантин кезінде жұмыс істеуіне мүмкіндік алды.

Қаулыға сәйкес ойын-сауық парктері, ашық ауладағы аттракциондарға санитариялық-профилактикалық іс-шараларды сақтай отырып, сағат 10.00- ден 23.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Ал қосымша орнатқан қоғамдық тамақтану орындары, компьютерлік, боулинг клубтар сағат 07.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейді. Алайда толтырылуы 50 орыннан аспауы керек. Ал сауна 09.00-ден 23.00-ге дейін ашық болады. Бірақ демалыс күні жұмыс істемейді.

«Мобильді қосымша қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, коронавирустың таралу қаупінен қорғауға бағытталған. Бизнеске карантин кезінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Айта кететін жайт, жобаға қатысатын нысандарды қоспағанда, қызметі жаңартылмаған объектілерге: боулинг орталықтарға, компьютер клубтарына, кинотеатр, кинорум, бильярд, караоке, батут, түнгі клуб, букмекерлік кеңселер мен ойын клубтарына, жабық үй-жайлардағы лотереялар, балалар ойын орталықтары және ойын алаңдары мен аттракциондар, спорт объектілерінде орналасқандарды қоспағанда, мұз және роликті мұз айдындарына баруға рұқсат берілмейді», - деді облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова.

Еске салсақ, Қызылорда облысында вакцинация пунктері аптасына 7 күн жұмыс істейді.


Соңғы жаңалықтар