Қызылордада карантин кезінде тегін тамақ таратып, көп адам жинаған дәмхана анықталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада дәмхана жаңадан ашылуына орай тегін тамақ таратып, шекті мөлшерден артық адам жинаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыста карантин талабын сақтауды қадағалайтын мониторинг тобының мүшелері жыл басынан бері 985 нысанға тексерді. Нәтижесінде 42 карантин талабын бұзу анықталды.

Қоғамдық тамақтану орындарында 25 дерек тіркелді. Оның ішінде бетперде режимі сақтамау, караоке жұмыс істеп, корқор пайдалану, белгіленген шекті уақыттан асырып жұмыс жасау бар.

«Бұдан бөлек, қалада орналасқан тамақтану орнының бірінде жаңадан ашылуына орай тегін ас таратылып, шамадан тыс адамның жиналуына себеп болған. Үй жағдайында ұйымдастырылған мерекелік-көпшілік іс-шаралар да тыйылмай тұр. Жыл басынан бері қыз ұзату, үйлену, тұсаукесер сияқты 8 той анықталған. Дәстүрлі форматта оқитын оқушылар арасында коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында мониторинг жұмысы білім беру нысандарында да күшейтілген. Дегенмен, бұған байланысты 6 карантин талабын сақтамау дерегі анықталды. Кейбір білім беру орындарында сыныпта 15 оқушыдан артық бала оқуына жол берілген», - деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Ведомство мәліметінше, анықталған 42 дерек негізінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалған. Оларға жалпы сомасы 3 587 910 теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.

Естеріңізге сала кетелік, 9 ақпанда Қызылордада каратинге байланысты бірқатар шектеу шарасы жеңілдетілді.


Соңғы жаңалықтар