Қызылордада ең үздік мектепке 34 млн теңге табысталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында дәстүрлі тамыз кеңесінде ең үздік білім беру ұйымына 34 млн теңге табысталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен «Білімді ұлт - тұрақты даму кепілі» тақырыбындағы білім беру қызметкерлерінің педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Аймақ педагогтарының басқосуына ҚР Парламентінің депутаттары Мұрат Бақтиярұлы, Ақмарал Әлназарова, Балайым Кесебаева, «Talap» КЕ АҚ вице-президенті Санжар Тәтібеков және ZOOM платформасы арқылы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев қатысты. Сондай-ақ, пандемия жағдайын ескере отырып, кеңес жұмысына Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, аймақтағы білім беру ұйымдарынан 400-ге жуық өкіл ZOOM платформасы арқылы қосылды.

«Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған дәстүрлі тамыз конференциясында білім саласының кешенді даму жоспарын айқындалып, алдағы міндеттер сараланады. Биыл Үкімет дәстүрлі форматта оқыту туралы шешім қабылданды. Өткен аптада және кеше қала, ауылдарды аралап, бірнеше мектептің жаңа оқу жылына дайындық барысын өзім көріп шықтым. Облыс бойынша білім беру ұйымдары 1 қыркүйекте оқушыларды қабылдауға дайын. Індеттің жаңа штамдары пайда болған қазіргідей қиын кезеңде біз үшін әрбір баланың денсаулығы маңызды. Сондықтан облыстық білім басқармасына барлық білім ұйымдарында санитарлық талаптарды қатаң сақтауды, балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырамын», - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Елімізде педагог және оларға теңестірілген қызметкерлердің еңбекақысы биыл 50%-ға көтерілді. Алдағы екі жылда еңбекақы екі есеге дейін өседі. Осы жылы республикалық бюджеттен бұл мақсатқа 32,2 млрд тенге қаржы бөлінді. Үстіміздегі жылы білім саласының бюджеті 185 млрд. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға артты. Сәйкесінше, жаңа реформаға сәйкес мұғалімдерге қойылатын талап та күшейді.

Жиында Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы мен Мәжілісі төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева білім саласындағы маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, білім беру ұйымдарындағы білім сапасының айырмашылығы, инклюзивті білім беру үшін арнайы мектеп ашу, мұғалімдердің медициналық анықтамасын әзірлеуде жеңілдіктер қарастыру секілді ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар аймақ педагогтарының басқосуында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев «Білім алушылардың білімін толықтыру жаңа оқу жылының басты міндеті», «Talap» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының вице-президенті Санжар Тәтібеков «Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың өзекті бағыттары» тақырыптарында баяндама жасады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.

«Былтырғы жылы онлайн оқыту мектептердің компьютерлік паркін жаңартуға да септігін тигізді. Осылайша компьютерлер паркін толықтай жаңарту арқылы бір оқушы санына шаққандағы компьютерлер көрсеткіші 14-тен 5-ке дейін төмендеді. Білім саласының бастапқы сатысы - мектепке дейінгі тәрбие бағытында да нәтижелі қадамдар бар. Облыста 670 мектепке дейінгі ұйымдарда 58 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Биылғы жылғы мақсат - тірек білім беру ұйымдары арқылы тәжірибені әр ауданнан ІТ балабақша желісін ашатын боламыз», - деді Ақзира Қасымова.

Жаңа оқу жылында 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 177 мың оқушы білім алады. Оның ішінде 1-сыныпқа 18 мыңнан аса бала қабылданады.

Дәстүрлі форматта оқуды бастайтын мектеп оқушылары мен мұғалімдердің қауіпсіздігі үшін барлық білім беру ұйымдары «Ashyq» қосымшасына қосылды. Педагогтардың 97% вакцинацияланды. Оқу жылының басталуына дейін бұл көрсеткіш 100% жетеді деп жоспарлануда.

Аймақ мектептері бейнебақылау жүйесімен толықтай қамтылды. Өткен жылы 70 мектеп жедел басқару орталығына қосылса, биыл 35 мектеп ұлттық бейнемониторинг жүйесінің тікелей бақылауына енген.

Алдағы 5 жылда өңірде 28 мектеп құрылысы басталып, биыл 6 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Биыл Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп пен инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп құрылысы да оқу басталғанша бітеді. Қалған 3 мектепті жыл соңына дейін табысталады.

Салтанатты шарада білім беру ісіне елеулі үлес қосып, отандық білім мен ғылым саласына ерекше еңбек сіңірген үздіктер марапатталды.

Облыс әкімінің «Үздік орта білім ұйымы» грантымен облыстық конкурс жеңімпазы – Қызылорда қаласы, Тәкей Есетов атындағы №264 мектеп-лицейі марапатталды. Сыйақы мөлшері - 34 млн теңге.



Соңғы жаңалықтар