Қызылордада бірқатар шектеу шарасы жеңілдетілді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бірқатар шектеу шарасын жеңілдететін жаңа қаулы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауру көрсеткіштері бойынша облыс «жасыл» аймақта тұр. Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 4 ақпандағы №5 қаулысын басшылыққа ала отырып, облыста бірқатар шектеу шарасын жеңілдететін жаңа қаулы қабылданды.

Онда діни объектілер мен білім беру нысандарындағы қоғамдық тамақтану орындарының жұмысына қатысты өзгерістер белгіленген.

Бұл бойынша сыйымдылығы 150 адамға дейін, толымдылығы 25 пайыздан аспайтын мешіттерде, ауылдық жерлерде ғана жұма намазына рұқсат беріліп отыр. Ал басқа мешіттерде бұрынғыдай жұма намазынан басқа (бес намаз) ұжымдық құдайға құлшылық етуге болады. Бұл ретте мешіттердің толымдылығы 30 пайызға дейін болуы тиіс. Атап айтқанда, 100 адамнан аспауы қадағаланады.

Қаулының тағы ерекшелегі - білім беру ұйымдарында қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметіне рұқсат беріліп отыр. Онда күшейтілген санитариялық-дезинфекциялық және бетперде режимі сақталады. Келушілер арасындағы әлеуметтік қашықты сақтау және асханаларды тамақтану залының отыратын орындарының жобалық қуатының 30 пайызынан аспайтын толтыру шарты ескеріледі. Бұл білім беру ұйымдарындағы контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық дәстүрлі форматта оқитын мектептер, 1-ден 5-ші сыныпты қоса алғанда, оқу бітіретін 9, 11 (12) сыныптардағы оқушылар, колледждер мен жоғары оқу орындарының І курс студенттеріне арналған.

«Облысымыздың «жасыл» аймақта болуы ескеріліп, карантин талаптары кезең-кезеңімен жеңілдетілгенімен халыққа қызмет көрсету, қоғамдық орындардағы, кәсіпкерлік нысандардағы карантин талаптарының сақталуы мониторинг топтардың бақылауында болады. Карантин талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес айыппұлдар салынады. Жүйелі түрде бұзушылықтар анықталған жағдайда сот тәртібімен қызметі тоқтатылуы мүмкін», - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.

Сондай-ақ, бұдан бұрын мұғалімдер карантинге қарамастан Қазалыда мектепте жиналыс өткізгенін хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар