Қызылордада аудандық аурухананың есепшілері жалған құжат жасап, қаржы жымқырған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департаменті жүргізген сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу дерегі бойынша қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаңақорған аудандық ауруханасының бірнеше қызметкері өздерінің қызмет бабын пайдалана отырып, 2015-2019 жылдар аралығында өзара келісімге келу арқылы іссапар шығындарын ресімдеп, ірі мөлшерде қаражат жымқырған. Яғни, шын мәнінде іссапарға бармаса да, құжат жасап, өз есеп шотына іс-сапар шығындары ретінде түсетін ақшаны аударуға және қолма-қол шешіп беруге келісім беретін аурухана қызметкерін тауып, банкомат картасына аударып, шешіп алу арқылы ірі мөлшерде мемлекет қаржысын иемденіп алуды жүзеге асырған» делінген хабарламада.

Тергеу барысында аудиторлық тексерулер, бірнеше комиссиялық сарапшылар қорытындысын негізге ала отырып, сот-бухгалтерлік сараптамасы тағайындалған.

«Нәтижесінде «Жаңақорған ауданаралық ауруханасы»шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына 14 млн теңгеден астам залал келтірілгені анықталды. Сот аудандық ауруханада әр жылдарды қызмет атқарған М.Сатыбалдиева мен З.Шомантаеваны кінәлі деп танып, есепшілік және материалдық жауапкершілігі жүктелетін қызметтер атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Үшінші тұлға М.Бурисбаев 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын алды» деп жазылған хабарламада.


Соңғы жаңалықтар