Қызылордада аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырған шенеуніктердің үстінен іс қозғалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бірнеше қызметкеріне аса ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салғаны үшін қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл қылмыстық істі Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті қолға алды. Департамент мамандары аса ірі көлемде инвестициялық субсидия қаражатын талан-таражға салып, әрі қарай жымқыру дерегі негізінде жұмыс жүргізуде. Бұл бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тергелуде.

«Облыстық ауылшаруашылық басқармасының бірнеше лауазымды тұлғасы өздерінің қызмет бабын пайдана отырып келеңсіз жағдайларға жол берген. Облыс аумағында 2019-2020 жылдарға арналған бірнеше жоба бойынша инвестициялық субсидия қаражатын үлестіру барысында бірнеше кәсіпкерлік нысандарымен келісімге келген. Сол арқылы аса ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салып, жымқыруды жүзеге асырған. Аталған қызметкерлер бірқатар шаруа қожалықтарында ешқандай жұмыс атқарылмаса да, жабдықтар мүлдем қойылмаса да, олардың толық орындалғаны туралы жалған хаттама толтырып, оған қол қойған. Жүргізілген сот-құрылыс сараптамалары негізінде бірнеше шаруа қожалықтары бойынша мемлекетке келтірілген залал сомасы 26 млн 792 мың теңгені құрап отыр», - деп мәлім етті Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомсто мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 189 бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша мұндай қылмысқа жол берген азаматтар белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына шектеліп, оларға жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада мұнай өнімін заңсыз сатқан 25 жастағы тұрғын сотталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар