Қызылордада алғашқы медициналық көмек көрсететін 62 нысан жаңартылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жаңадан салынатын әлеуметтік нысандар көбейеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Гүлшара Әбдіқалықова онлайн форматта халық алдында есеп берді.

Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен салалар бойынша жеткен жетістіктерге тоқталды.

Онлайн форматта халықпен есепті кездесу өткізген өңір басшысы өткен жылы бюджет есебінен 8 жаңа спорт нысаны салынып, 60 секциялы 5 жоба жүзеге асқанын атап өтті.

Өңірде шағын елді мекендерде спорт нысандарының құрылысы іске асады.

Тасбөгет кенті мен Ақай, III Интернационал ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу басталады.

Гүлшара Әбдіқалықова аймақта инвесторлар есебінен 500 орынға лайықталған бір мектеп, Қызылорда қаласы Саяхат мөлтек ауданынан 300 орындық бір мектептің құрылысы жүріп жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ, Қызылорда өңірінде аудандық аурухана салу мәселесі толық шешімін тапты.

Биыл өңірдегі екі ауданда дәрігерлік амбулатория салынады.

Яғни Жаңақорған ауданындағы Жаңарық, Жалағаш ауданындағы Таң ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіледі.

Облыста медициналық нысандарды жөндеу жұмысы да қарқын алған.

Алдағы 3 жылда алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысан жаңартылады.

«Екі айға жететін дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры құрылып, оған жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв жасақталды. Айту керек, өңірде осы жылы заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқпалы аурухана пайдаланылуға беріледі», - деді облыс әкімі.


Соңғы жаңалықтар