Қызылордада 101 жастағы майдангер алғашқы болып дауыс берді

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 101 жастағы соғыс ардагері Яхия Тасыров референдум учаскесіне алғашқы болып келіп, дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Яхия Тасыров Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентінде тұрады. Майдангер кент орталығындағы №155 референдум учаскесі ашылмай тұрып келді.

Еліміз үшін маңызды күнде өз дауысын берген майдангер 1922 жылы дүниеге келген. Ташкентте текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасты. 1942 жылдың қазанында майданға аттанып, Сталинградты, Курск, Польшаның қалаларында жауды кейін шегіндірді. Нағыз батылдықтың, әскери даңқ пен патриотизмнің үлгісін көрсетті. 1944 жылы Германияға кіріп, жау басып алған аумақтарды азат етуде жанқиярлықпен соғысты.

Ол 1945 жылы тамыздың аяғында елге оралған. Бейбіт өмірде түрлі салаларда еңбек етіп, 1982 жылы зейнетке шықты.

«Әрбір сайлауда өз дауысымды беруді азаматтық міндетім деп білемін. Сол әдетіммен биыл да ерте келдім», - деді Яхия Тасыров.


Соңғы жаңалықтар