Қызылорда облысының Сырдария ауданында 2 тұрғын үй іргетасы қаланды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Сырдария ауданында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Аудан орталығы - Тереңөзекте тұрғын үй құрылысы басталса, бірқатар ауылдарда жарықтандыру мәселесі жақсара түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тереңөзек кентіне қарасты О.Мәлібаев мөлтек ауданында 2 және 3 бөлмелі 20 үй бой көтерді. Қазірге дейін аудан орталығына кіреберісте көппәтерлі тұрғын үй ел игілігіне берілді.

Ал А.Иманов және Н.Ергешбаев көшелерінің қиылысында тағы да қос тұрғын құрылысының іргетасы қаланды. Оған аудан әкімі Руслан Рүстемов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, соғыс және еңбек ардагері Яхия Тасыров қатысты.

«Халықты баспанамен қамту - өзекті мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды іске асып келеді. Алғашқы кірпіші қаланған қос үй кезекте тұрған тұрғындар санын азайтады. Қазір ауданда 498 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Осы екі үйде 42 тұрғын қоныс тойын тойлайды», - деді аудан әкімі.

Айта кетейік, тұрғын үйлер құрылысының бас мердігері – «НұрТалап және К» ЖШС. Бұл мақсатта 466 млн 195 мың теңге қаржы бөлінген. құрылыс «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде. Осы орайда ауданда 116 адам еңбекпен қамтылып, оның 58-і жұмыспен қамту бөлімі арқылы алынған. Қазір құрылыс алаңында 29 адам еңбек етіп жүр. Тұрғын үйлер биылғы жылдың соңына пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ, ауданға қарасты Амангелді ауылында көптеген игілікті істерге жол ашылды. Елді мекеннің әлеуеті де жыл санап жақсарып келеді. Ауылдық округте 2 700-ге жуық адам тұрады. Ауыл тұсынан өтетін «Қызылорда-Амангелді-Ботабай» жолының елді мекен тұсындағы 5 шақырымын жарықтандыру мәселесі жолға қойылды. Жоба құны - 21,7 млн теңге.


Аудан әкімі Руслан Рүстемов жергілікті тұрғындармен жүздесуінде олардың өтініші мен ұсынысына назар аударды.

«Біз жыл сайын Тереңөзек кенті мен елді мекендердегі жолдардың жөнделуін және жарықтандырылуын кезең-кезең бойынша жүзеге асырып келеміз. Биылғы жылдың өзінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауылішілік бірнеше көше жөндеуден өткізілуде», - деді аудан әкімі.


Соңғы жаңалықтар