Қызылорда облысында төтенше жағдай кезінде ұрлық жасағандар ұсталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында төтенше жағдай кезінде ұрлық жасағандар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында 28 блокбекет орнатылды. Оның ішінде қала аумағында 5 бекет тәуліктік режимде жұмыс жасауда.

Тәртіп сақшылары төтенше жағдай режимін бұзған 7 адамды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Тұрғындардан «102» арнасына 100-ге жуық қоңырау түсті. Олар бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Бір тәулік ішінде 6 қылмыс тіркелді. Мәселен, Шиелі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдай кезінде ұрлық жасағандарды ұстады.

Түнгі уақытта белгісіз тұлғалар азық-түлік дүкенінің құлпын бұзып кіріп, кассадан ақша, темекі өнімдері мен өзге де заттарды ұрлап кеткен. Жәбірленушіге 160 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді. Аталған аудан орталығында орналасқан тағы бір азық-түлік дүкенінен 250 мың теңге ақша, темекі және тәттілер қолды болды. Ұрлық салдарынан дүкен иесіне 263 мың теңге шығын келген.

«Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Онда тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық жағдайы көрсетілген. Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде аталған дүкендерге ұрлыққа түскен Бидайкөл ауылының екі тұрғыны анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Полиция департаментінен.

Еске салсақ, Қызылорда облысында 2022 жылдың 19 қаңтарына дейін коменданттық сағат енгізілген. Сондықтан Қызылорда облысының коменданты тұрғындардан төтенше жағдай режимі талаптарын орындауды сұрайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Байқоңырда арандатушылық сипаттағы жалған ақпарат таратқан адам анықталғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар