Қызылорда облысында карантин шаралары жұмсарды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында карантин шаралары жеңілдетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ас беру және спорт шараларын өткізуге рұқсат берілді. Онда 50 адамнан артық болмауы тиіс.

Сондай-ақ, бильярд клубы мен балалардың ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне рұқсат етілді.

«Бүгіннен бастап 1-5, халықаралық мектептерде 1-7 сынып оқушылары аралас оқу форматында оқиды. Нақтырақ айтқанда, пәндерді 70 пайыз дәстүрлі, 30 пайыз қашықтан оқиды. Ал, бала саны 300-ден аспайтын қала және ауыл мектептеріндегі барлық сынып оқушылары мектепке барып оқиды. Сондай-ақ, 9, 11 сыныптың оқушылары әлеуметтік ара-қашықтық сақтай отырып оқуды аралас түрде оқуда», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқайымова..

Оған қоса білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат бар.

Айта кететін жайт, шектеулер жеңілдегенімен босансуға болмайды.

Облыста мерекелік корпоративтерді ұйымдастыру мен өткізуге, букмекерлік кеңселердің қызметіне тыйым салу жалғасады.

Еске сала кетелік, Қызылордада 440 адам коронавирусқа қарсы екінші мәрте вакцина салдырды.

Соңғы жаңалықтар