Қызылорда облысында ірі есірткі алқабы анықталды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында шалғайдағы аумақтан ірі есірткі алқабы анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұлан әскери тікұшағымен Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және 5547 әскери бөлім сарбаздарының бірлесіп қатысуымен ірі есірткі алқабы анықталды. Бұл орын Арал ауданы Жіңішкеқұм елді мекенінен солтүстікке қарай шамамен 170 шақырым қашықтықтағы құмды төбе арасында орналасқан.

«Аталған аумақтан үш ер адамның жүргені белгілі болды. Олардың 2-і облыстың екі тұрғыны болса, 1-і Жезқазған қаласының тұрғыны. Олар заңмен тыйым салынған сора өсімдігін ірі мөлшерде егіп, күтіп баптап өсірген. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы қарап-тексеру шарасын жүргізді. Онда жалпы саны 589 түп сора өсімдігі анықталып, олардан үлгі ретінде 15 дана сора өсімдіктері алынды. Ал қалған 574 түп оқиға орнында өртеу жолымен жойылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру жағдайы көрсетілген. Күдіктілер Арал аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында 2479 түп сора өсімдігі егілген ірі есірткі алқабы анықталды .


Соңғы жаңалықтар