Қызылорда облысында бір күнде 19 той-томалақ өткен

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Соңғы тәулікте Қызылорда облысында той-томалақ өткізудің 19 фактісі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылғы 5 шілдеден бастап бүгінгі күнге дейін өңірдегі 24 мониторингілік топ рейдтік тексеріспен 3226 нысанға барған. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзудың 804 жағдайы анықталды. Оның ішінде халыққа қызмет көрсету нысандарындағы бұзушылық саны – 383, үй жағдайларында ұйымдастырылған мерекелік-көпшілік іс-шаралар саны – 403 және көшедегі топтық жиналулар саны – 18.

Анықталған барлық факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігімен жалпы сомасы 37 391 880 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды.

Карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі үй жағдайында көпшілік жиын ұйымдастыруға қатысты және қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік сауда орындарына қатысты анықталған. Оның ішінде жеке кәсіпкерлікке қатысты – 14, нысандарға қатысы бар жеке тұлғаларға – 369, ал нысандармен байланысты емес жеке тұлғаларға қатысты 421 әкімшілік хаттама толтырылды.

Халыққа қызмет көрсету орындарындағы карантин талаптарын бұзушылықтың басым бөлігі санитариялық талаптардың сақталмауына қатысты анықталған. Яғни қызметкерлер маскасыз, қорғаныш қолғаптарынсыз халыққа қызмет көрсеткен, сонымен қатар шекті уақыттан асырып жұмысын жалғастырған нысандар да бар.

Атап айтқанда, 278 дерек маска тағу ережесін бұзуға және әлеуметтік арақашықтықты сақтамауға қатысты, жұмыс жасау уақытының шектелуін бұзу бойынша – 60, тыйым салынған нысандардың қызмет көрсетуі бойынша – 31, залалсыздандыру талаптарының сақталмауы бойынша– 14 талап бұзушылық орын алды», - делінген COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия ақпаратында.

Айта кетейік, тек соңғы тәулікте облыс бойынша карантин талаптарын бұзудың 19 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 2 дерек мейрамханаларда, 17 дерек жеке тұрғын үйде той жасаған жеке тұлғаларға қатысты анықталды. Нәтижесінде 19 жеке тұлғаға 791 730 теңге әкімшілік айыппұл салынды.


Соңғы жаңалықтар