Қызылорда облысында байдарка мен каноэда есу базасы салынуда

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында байдарка мен каноэда есу базасы салынуда. Бұл туралы Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің спорт үздіктерін қабылдау шарасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу барысында қала басшысы сала ардагерлері мен саңлақтардың аймақ абыройын арттырудағы еселі еңбегін атап өтті. Сондай-ақ, ел спортына еңбегі сіңген жаттықтырушылар мен байрақты бәсекеден олжалы оралған оғландарға алғысын білдірді.

Нұрлыбек Нәлібаев биыл қала спортшыларының халықаралық, республикалық додаларда жеткен жетістіктеріне тоқталды. Облыс орталығындағы спорт саласының әлеуетін арттыруға бағытталған жарқын жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бүгінгі күні «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында қала аумағында спорт саласына байланысты 10 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде, облыстық 4 спорт мектебіне ағымдағы жөндеу, «Локомотив» стадионының футбол алаңына қайта жаңғырту шаралары қолға алынған. Оған қоса байдарка мен каноэда есу базасының құрылысы жүргізілуде. Атап өтерлігі, облыс орталығында 33 ойын-спорттық алаңының құрылысы жасалып жатыр.

Қызылорда қаласына қарасты Бірқазан елді мекені, Ақсуат, Ақжарма, Қосшыңырау ауылдық округтерінде дене шынықтыру алаңын салуға қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Тасбөгет кентінен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынады. Бүгінде кешеннің жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу мен мемлекеттік сараптамадан өткізуге қаржы қаралған.

Басқосуда сөз алған ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Вячеслав Ким мен сала ардагері Алтынбек Жаңабеков Сыр спортына көрсетілген қолдаудың айрықша екенін айтып, қала басшысына алғысын білдірді. Ал жас спортшы Айбар Қажымұқан қазақтың бас ақыны Абай өлеңінен үзінді оқыды.


Соңғы жаңалықтар