Қызылорда облысында 2 апталық карантинге байланысты жаңа шектеулер күшіне енеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы дертінің алдын алу мақсатында 5 шілдеден бастап жаңа шектеулер енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл шара облыста індеттің алдын алу және таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынып отыр. Осы мақсатта Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы жарық көрді.

«Бүгінде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1379 адамға жетті. Сондықтан індеттің одан әрі тарауын шектеу үшін санитарлық-эпидемологиялық шаралар күшейтілді. Шектеуге түсіністікпен қарауды, оны қатаң сақтап, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қабылданғанын түсінулеріңізді сұраймын. Бұл шаралардың тиімділігі әрқайсымыздың іс-әрекетімізге байланысты болады. Ең алдымен өз денсаулығыңызға және айналаңыздағы адамдардың халіне жауапкершілікпен қарау керек», - дейді облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов.

Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары - облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымова қаулы бүгін сағат 00:00-ден бастап күшіне енетінін айтып өтті. Оның қатарында бірнеше шектеу және карантиндік шараларға өзгеріс енгізілді.

«Атап айтқанда, отбасылық іс-шараларды өткізуге, спа-салондардың, сұлулық салондарының, шаштараз, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орталықтар мен салондардың қызметіне, театрлар, концерт залдары, мұражайлар, көрмелер және өзге де мәдениет объектілерінің қызметіне тыйым салынады. Сондай-ақ, меншік нысанына қарамастан білім және мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (балабақшалар, жазғы тынуғу лагерьлері, коррекция және білім беру орталықтары, үйрмелер, қосымша білім беру орталықтары (репетиторлық, тілдік) қызмет көрсету саласы объектілерінің қызметі тоқтатылады. Оған қоса діни объектілердің, түнгі, компьютерлік, интернет және бильярд клубтарының, букмекерлік және лото-мотоконторлардың, фитнес, тренажер залдары (орталықтары), спорттық комплекстер (үйірмелер, секциялар т.б.), қоғамдық монша, сауна, аквапарктертер, бассейндер, жағажайлардың, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда-ойын-сауық кешендері жанындағы балалардың ойын алаңдарын, футкордтар, кинотеатрлар, жәрмеңкелердің, азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарларының, автомобиль, құрылыс, киім-кешек, мал базарлары мен адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің жұмысы тоқтатылады. Ал республиканың өңірлері мен қала/аудандар арасындағы жолаушылар автобус қатынасын уақытша тоқтап, қоғамдық көліктің жұмысы демалыс және мереке күндері тоқтатылады», - деді Әлия Әбдіқайымова.

Бұдан бұрын Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысы тұрғындарына үндеу жолдағаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар