Қызылорда облысында 19 732 адам коронавирусқа қарсы вакцина қабылдады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бүгінге дейін коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны 19 732 адам қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жергілікті тұрғындарды вакцинациялау жұмыстары облыс орталығындағы №1, 3, 4, 5, 6 қалалық емханаларда, облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында, «Интертич» клиникасында жүргізілуде. Сондай-ақ, ол барлық аудан және Байқоңыр қаласында жүзеге асырылып жатыр. Вакциналау жұмыстарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерінде 16 егу кабинеті дайындалған.

«Барлық вакцина талапқа сай, температуралық режимді қадағалайтын арнайы машинамен халық санына байланысты егу орындарына жеткізілді. Жалпы медициналық ұйымдарда, халық арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырылады. Індеттің айығудың жалғыз жолы – сақтық шараларын қатаң сақтау. Яғни эпидемияны түбегейлі жеңудің жолы - вакцина салдыру», - деді облыстық денсаулық сақта басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.

Қызылорда облысында соңғы күндерде қатерлі ндетке шалдыққан тұрғындар саны күрт өсіп кетті. Бүгінгі күнге дейін індет жұқтырған 4798 науқас тіркелсе, өткен тәулікте олардың қатарына 35 адам қосылды.

«Қатерлі індет күшейген жағдайда облыста медициналық мекемелер дайындығы қалыпты деңгейде тұр. Инфекциялық және провизорлық стационарларда 3200-ге дейін орын дайындалған. Ал 518 орын орталықтандырылған оттегімен қамтылған. Тәуекел топтағы адамдар ерекше бақылауда. Қазіргі таңда 138 дәрігерлік мобильдік топ үйден ем жасауда. Медициналық ұйымдар 686 оттегі концентратормен, 251 ИВЛ), 8 компьютерлік томограф және 66 рентген аппаратымен қамтылған.

Аймағымызда 6 оттегі шығару станциясы бар. Оның 2-і былтыр көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында іске қосылды», - деді С.Пазилов.

Еске салсақ, Қызылорда облысында санитарлық талаптарды күшейту көзделіп отыр.



Соңғы жаңалықтар