Қызылорда мерейтойы кең ауқымда аталып өтеді - Нұрлыбек Нәлібаев

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Биыл Сырдың бас шаһары - Қызылорда қаласының қос ғасырлық мерейтойы кең ауқымда тойланып отыр. Атаулы мерекенің негізгі шаралары 28-29 қыркүйек күндері өткізіледі. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевты сұхбатқа тартты. Әңгіме барысында шырайлы шаһардың өткені мен бүгіні, алдағы мақсаттары және мерейтой барысында атқарылатын іс-шаралар барысы таразыға тартылды.

- Нұрлыбек Машбекұлы, бүгін, 28 қыркүйекте Қызылорда қаласының 200 жылдығы мерейтойының негізгі іс-шаралары аталып өтеді. Қала көрінісіне қарай отырып дайындықтың қызу жүріп жатқанын аңғардық. Мерейтой барысында халыққа арналған қандай іс-шаралар жоспарланған?

- Мерейтойға дайындық өз деңгейінде жүргізілді. Аталмыш ауқымды шарамыз жыл сайынғы дәстүрге айналған «Жүрек жылуы» атты жобамен басталды. Осы шара аясында тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалды. Атаулы күндерде мәдени-бұқаралық іс-шараларға мән берілген. Оның ішінде «Абай дана, Абай дара қазақта» тақырыбымен облыстық әдеби жыр марафоны ұйымдастырылып, оған өңіріміздің танымал жыршылары қатысты. Жыл басынан бері ақындар айтысы, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған марафон және өзге де көптеген іс-шаралар өтті. Дәстүрлі облыстық «Еңбек династиясы» форумы ұйымдастырылды. «IMAQORDA» технопарк жобасы ашылды.

Айта кетерлігі, мерейтой шаралары бойынша спорттық сайыстар болады. Онда түрлі жастағы санаттар үшін сауықтыру іс-шараларын қамту мақсатында «Алыптар шықты айқасқа» түйе палуандар сайысы және «Сыр тұлпары» бәйге түрлерінен ат жарысы өтеді. Қаланың бірнеше аумағында тұрғындар төмен бағамен ауыл шаруашылық өнімдерінің облыстық жәрмеңкесі игілігін көре алады. 

null  

- Қызылорданың басқа облыс орталықтарынан бір ерекшелігі - қалаға қарасты бірнеше елді мекен бар. Қаланың 200 жылдығына орай осы елді-мекендерде де мерекелік шаралар қалай аталып өтуде?

- Қызылорда қаласының тікелей бағынысына Белкөл және Тасбөгет кенті қарайды. Одан бөлек тағы 7 ауылдық округ бар. Қаланың қос ғасырлық мерейтойы ол елді мекендерді де толық қамтып отыр. Бұл бағытта мерекелік іс-шаралар жоспары бекітілген. Биыл қала мерейтойымен қатар Тасбөгет кентінің 70 жылдығы қоса-қабат тойланды. Бұл шараны да назардан тыс қалдырған жоқпыз. Өткен жексенбіде Тасбөгет кенті тұрғындары атаулы мерейтойды жоғары деңгейде атап өтті. Жас ақындар арасында айтыс өткізілді. Қазақ күресінен балуандар белдесті. Мерекелік концерт пен жәрмеңке ұйымдастырылып, Тасбөгет кентінің белсенді қызметкерлері мен еңбек ардагерлерін арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.
null

- Қала күніндегі негізгі мәдени шаралар қандай? Қандай қонақтар шақырылды?

- Қызылорданың қос ғасырлық мерейтойы облыс деңгейінде де аталып өтті. Осы мақсатпен әртүрлі бағытта 40-қа жуық мәдени шаралар өткізілді. Облыс көлемінде 2 халықаралық, 2 республикалық, 3 облыстық және 20 қалалық шара ұйымдастырылды. Қазіргі таңда мерекелік іс-шараларды дайындау мен өткізуді екі негізгі бөлімге жүйеледік. Ұйымдастырылатын әрбір іс-шараға үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени, ардагерлер мен жастар бірлестіктері, мәдениет қайраткерлері және еңбек ұжымдары белсене атсалысуда. 

Қазіргі таңда 23 қыркүйек пен 11 қазан аралығын қамтитын ірі көлемдегі шаралар бойынша әзірленген желілік кестедегі міндеттер жоспарға сай жүргізілуде.

Облыстық деңгейде өткізілетін шаралардың негізгісі ретінде А. Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде аудан әкімдіктерінің мерейтойға арналған мәдени шараларын атап көрсетуге болады. Ал шақырылған қонақтарға келетін болсақ, бұған дейін осы қаланы басқарған басшылар, қоғам қайраткерлері, еңбек ерлері және ардагерлер біздің негізгі меймандарымыз. Мерейтой «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда» атты гала концертпен қорытындыланады. Оған осы Сыр бойынан шыққан эстрада әншілері, өнер жұлдыздары шақыртылды. 

null- Қаланың жалпы 200 жылдық тарихында осы өлкеге еңбегі сіңген талай тұлғалар бар. Олар саяси және қоғамдық қызметте жемісті еңбек етіп келеді. Мерейтой барысында оларға қандай құрмет көрсетіледі?

- Біз ешкімді назардан тыс қалдырмаймыз. Міндетті түрде. Көне шаһар кеше-бүгін салына қалған жоқ. Осы уақытқа дейін қаланы басқарған азаматтардың барлығын мерейтойдың құрметті қонағы болуға шақырдық. Ол кісілердің еңбегі зор, біз оны аса құрметпен бағалаймыз. Қазір біз сол алдыңғы буын ағалардың жолын жалғап, заманға сай еңбек етудеміз. Осы жерде айта кетейін, бүгінгі күні имидждік өнімдер, сувенирлер әзірленіп, Қызылорда қаласының 200 жылдығына арналған мерейтойлық медаль дайындалды. Осы арнайы медальмен қаламызда бұрын белсенді еңбек еткен барлық тұлғалар, түрлі саладағы мамандар және ардагерлер марапатталады.

- Қазір қала ауқымы кеңейіп келеді. Сырдарияның сол жағалауында жаңа қала бой көтеруде. Осы ауданның құрылыс жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?

- Сырдарияның сол жағалауындағы құрылыс жұмысы қазір көпке мәлім. Бұл облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың бастамасымен жүзеге асуда. Жыл соңына дейін сол жағалауда құрылыс компаниялары өз қаражаты есебінен салынған 5 қабатты 16 тұрғын үй, 320 орындық балабақша және «Болашақ» университетінің бас ғимараты пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек сол жағалауда 15 көп қабатты тұрғын үй және жастар орталығы салынуда. Мерейтойға сый ретінде сол жағалаудың алғашқы нысан - «Облыстық рухани жаңғыру» орталығы салтанатты түрде ашылады. Болашақта бұл жерге көптеген әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы ғимараттар түсіп, қала негізінен сол жағалауда дамитын болады. Осы күннің өзінде Қызылорда қаласының ауқымы екі есеге ұлғайды. Мысалы, қала аумағының көлемі бұған дейін 11 мың гектар болса, бас жоспарға сәйкес бұл жер көлемі 20 мың 582 гектарға кеңейді. Биылғы 200 жылдықтың басты тартуы - осы жаңа қала.

Қалаға қарасты барлық елді мекендердің негізгі жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді. Қызылорда қаласы мен оған қарасты округтерде көгілдір отын және ауыз су мәселесі ретімен шешіліп келеді. Бұл мәселе - қай кезде де басты назарымызда. 

- Бүгінгі күндері Қызылорда келбетіне қарай отырып, сан алуан серпінді істердің атқарылғанын аңғару қиын емес. Осы орайда қаланы дамыту жөніндегі жұмыстар туралы не айтасыз?

- Біздің ең басты мақсатымыз -  қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау. Соңғы жылдары облыс орталығында  бірнеше мөлтек аудан бой көтеріп, 8 мыңнан астам отбасы жаңа пәтер кілтіне қол жеткізді. Бұдан бөлек көптеген әлеуметтік нысандар, кәсіпорындар салынды. Биылдың өзінде 600 орындық мектеп пен үш балабақша, көп қабатты бірнеше тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс орталығында 7 мыңнан азаматқа барлық инфрақұрылымы тартылған астам жер телімі берілді. Оған республикалық және облыстық бюджеттен 11 млрд теңгеге жуық қаржы тартылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, қаламыздың көлемі бірнеше есеге ұлғайды, халқының саны артты.

Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер, саябақтар және жаңа аудандар салынып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жақсарды. Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен қаламыздың сәулеттік келбетіне көрік берген зәулім ғимараттар, демалыс орындары, бизнес орталықтары мен қонақ үйлер, қала халқының жайлы тұрмыс кешуіне барынша ыңғайлы жағдай жасалған ойын-сауық, сауда орталықтары бой көтерді.

Соңғы жылдар ішінде Қызылорда қаласында жол құрылысын дамытуға 30 млрд. теңгеден астам қаржы тартылып, 550 шақырымнан астам жолдар орташа, күрделі жөндеуден және қайта жаңғыртудан өтті. Оның ішінде қаланың шет аймақтарынан 37 көше жөнделді. Оған қоса 100 шақырымға жететін жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сондай-ақ, 2 млрд теңгеге 100-ден астам қала көшесде жарық бағаналары орнатылып, қаладағы барлық бағдаршамдар жаңартылды. Қаламыздағы 80-нен астам аулада спорттық ойын алаңдары салынды.  Қаламыздың ауыз су инфрақұрылымын дамытуға 18 млрд. теңгеге жуық қаржы тартылды.

Биыл осы жұмыстардың жалғасы ретінде «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 584 млн. теңге қаржы бөлінді. Оған ауыз су және 7 шақырым кәріз су құбырлары қайта жаңғыртудан өткізілді.

Қалаға қарасты елді мекендерде ауыз су жүйелерін жүргізуге
8 жоба бойынша республикалық, облыстық бюджеттен 1 млрд. 35 млн. теңге қаралған. Оған 74,5 шақырым ауыз су құбырын тартуға және 2 су жинау қоймасының құрылысын жүргізу жоспарланған. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде қалаішілік су құбырларының 70 пайыздан астамы толық жаңартылды. Бүгінгі күнге, 10 млрд. теңгеден астам қаржыға 60 пайыз магистральды жылу желілері пайдалануға берілді. Жылу жүйелері мен қазандықтарды ағымдағы, күрделі жөндеуден өткізуге мән берілді. Осы бағыттағы  қаралған 2 млрд  210 млн. теңгеге 8 жоба бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Қазір сол жағалаудағы жаңа қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға мән беріліп отыр. Осы мақсатта «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір құрылысына 776,6 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмысы жақын уақытта басталады. Қаламыздағы Тұңғыш Президент паркі мен  Рәміздер алаңы арасында 39 гектар аумақты алатын қалалық саябақ салынуда. Ол жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Мерекеге сый ретінде құрылыс компанияларының демеушілігімен 100-ден астам көп қабатты тұрғын үй, 50-ге жуық аулалар күрделі жөндеуден өткізілді. Аудан әкімдіктері қаладағы 10-нан астам аллеяны абаттандыруда. Бұл жұмыстар әлі де жалғаса береді.

null null null 

- Әңгімеңізге рахмет. 

Соңғы жаңалықтар