Қызылорда қаласына қарасты ауылдарда әлеуметтік мәселелер шешіліп келеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерде мемлекеттік түрлі бағдарламалар бойынша көптеген жұмыстар жүзеге асырылуда.

Бұл жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры барысында кеңінен таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Облыс орталығының іргесінде жатқан Қызылжарма ауылдық округінде жол жөндеу, жарықтандыру, ауызсу және электр қуатымен қамтамасыз етуде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аталған игілікті істер «Өңірлерді дамыту-2020», «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламалардың негізінде қолға алынған.


Биыл Қызылжарма ауылдық округінде 21 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 13 көшеге асфальт, 8 көшеге қиыршық тас төселді. Көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін түнгі жарық мәселесі шешілді. Бұл мақсатта биыл ауылда 7 көшеге жарықтандыру жүргізілген.

Сондай-ақ, қала бойынша атқарылып жатқан «Шет аймақ» бағдарламасы аясында көптеген түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Қазір тұрғындарды ауыз сумен қамту мәселесі жүзеге асты. Өңірге белгілі «Мелиоратор» компаниясы елдімекендегі жаңадан қоныстанған азаматтар тұратын «Қызылжарма-2» бөлігінде ұзындығы 53,6 шақырымға созылатын ауыз су құбырларын тарту ісін қолға алған. Тұрғындар желтоқсан айының аяғында сапалы ауыз суға толықтай қол жеткізеді.

Бұдан бөлек, ауылдық округтегі 8 көшеде тозығы жеткен электр бағанасы да жаңалануда. Бұл жоба аясында бір фазалы және үш фазалы 485 жеке тұрғын үйге электр есептегіш ақысыз негізде орнатылуда.

Қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округінде Досан және Абай ауылдары бар. Биыл ауылдық округте 5 көшеге тас және 2 көше асфальт төселді. Мәселен, Абай ауылында барлығы 17 көшенің барлығына жол салынған. Ендігі кезекте Досан ауылының жолын жаңартуға бетбұрыс жасалуда. Халықтың сұранысы бойынша Абай ауылында спорт алаңы салынды. Мәдениет үйінің төбесін жұмсақ жабынмен ауыстырылды. Көше жарығын тұрақтандыру мақсатында Абай ауылында қосалқы станциясы орнатылмақ. Сонымен қатар, Досан елді мекеніндегі № 20, 15 көшелеріне жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар