«Қызыл» аймақтағы Нұр-Сұлтан: Қаланың бас санитары тұрғындарға сақ болуды ескертті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева алдағы мереке күндері халыққа сақ болуды ескертеді. Елорда 10 желтоқсаннан бері «қызыл» аймаққа енгендіктен, қала ішінде ауру жұқтыру ықтималдығы арта түскен. Инфекциялық ауруханалар науқасқа толып кетпесе де жаздағы ахуал бұл қауіптің кенет келуі мүмкін екенін көрсетіп берді. Міне, сол себепті қаланың бас санитары мереке күндері шаһар тұрғындарын сақ болуға шақырады.

«Қызыл» аймақтағы эпидемиологиялық ахуал

Жалпы Нұр-Сұлтан қаласында 2020 жылғы 13 наурыз бен 10 желтоқсан аралығында 16 880 адам COVID-19 вирусын жұқтырған. Оның ішінде 10440 ауру белгілері бар болса, 6440 симптомсыз науқастар. Қала бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,9 есе жоғары және 100 мың халыққа шаққанда 1461,2-ні құрайды. 16 880 жағдайдың 416–ы сырттан келгендер, 11534-і жергілікті тұрғындар болса, 4930-і байланыста болған адамдар.

«15 583 адамның амбулаториялық емдеуден өтіп, ауруханадан жазылып шықты. 340 адам қайтыс болды. 837 адам стационарлық және амбулаториялық ем алуда. COVID-19 жағдайлары әлі де тіркеліп жатыр. Тәулігіне 50-ден 120-ға дейін ауру белгілері бар жағдайлар тіркеледі. Ересектер, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар арасында да жұқтырып жатқандар бар», - деді Жанна Пралиева қала әкімдігінің баспасөз орталығында.

Бір қиыны, жазбен салыстырғанда 14 жасқа дейінгі балалар арасында COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 7%-ға дейін, жасөспірімдер 1,4%-ға дейін және 50 және одан жоғары жастағы адамдар арасында 37%-ға дейін өскені байқалып отыр.

«Қыркүйек айында және қазан айының бірінші онкүндігінде қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланды. Бірақ қазан айының екінші жартысынан бастап репродуктивті санның (R) бірліктен асып кетуі байқалды. R санының қазан айында 11 күн бойы және қараша айында 6 күн бойы төмендеді. Қалған уақытта R саны 1-ден асты, сондықтан қала «сары аймақта» болды. Қазан айымен салыстырғанда өздігімен медициналық қызметке қаралып анықталғандар (аптасына 18-ден 213 жағдайға дейін) және үй ошақтарында қатынаста болып ауырғандар (аптасына 15-тен 217 жағдайға дейін) саны көбейген. Өткен аптада сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 51,0-ден асқан. 10 желтоқсаннан бастап қала «қызыл аймаққа» ауысты. Бұл бірінші кезекте қала тұрғындарының алдын алу шараларын сақтамауына байланысты болып отыр», - деді ол.

10 желтоқсанда COVID-19 вирусын 118 адам жұқтырыпты. Кәсіби құрам бойынша жұмыс істемейтін 22, 13 зейнеткер, жұмыс істейтін 52, 3 медицина қызметкері, 3 әскери қызметкер, 14 оқушылар – 14, 1 студент коронавирус жұқтырған.


Оқушылардың бәрі де қашықтан оқуы мүмкін

Жанна Пралиеваның сөзінше оқушылар мен оқытушылар арасында COVID-19 жағдайларының тіркелуі күн сайын жалғасып жатқандықтан, меншік нысанына қарамастан, мектептерді қашықтан оқыту жүйесіне көшу мәселесі қарастырылуда. 10 желтоқсандағы жағдай бойынша, аудандық санэпидбақылау басқармаларының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерлерінің қаулыларымен 20 мектепте оқу процесі 14 күнге онлайн режимге ауыстырылған.

Жалпы елордада оқу жылының басынан бері барлығы 224 оқушы ауырған. Оның 179 – ы қашықтан (қаладан тыс жерлерден келген оқушылар саны - 15, оның ішінде оффлайн режимде - 2) оқығандар. Мектеп бойынша барлығы 590 қатынаста болған азамат тексерілді. 8 жағдайда мектеп оқушылары және 1 жағдайда оқытушы қарым-қатынаста болғандықтан ауырған .

Қалада COVID-19 диагностикасы бойынша тәуліктік қуаттылығы 11 680 зерттеу болатын 18 зертхана жұмыс істейді. Барлық зертхананың жүктемесі 25-тен 40%-ға дейін, күніне 4500-ге дейін зерттеу жүргізеді.

«Коронавирус жұқтырған азаматтарды уақтылы анықтау мақсатында ПТР анықтамасынсыз келген адамдар карантиндік стационарға жатқызылып, олар қатаң түрде тексеріліп жатыр. Осы жылдың 2 қазаны мен 10 желтоқсаны аралығында 283 рейспен астанаға 35 450 адам келді. Оның ішінде теріс ПТР нәтижесі бар анықтамамен 30 767 азамат жетті. Депортацияланғандардың саны 15. Карантиндік стационарға жатқызылғандар және тексерілдер – 4668. 22 симптомсыз науқас анықталып оның 4-і емдеуге жатқызылды», - деп атап өтті Жанна Пралиева.

Оның айтуынша автоөтпе жолдар арқылы басқа елдерден келген адамдардың денсаулық жағдайына мониторинг жүргізілуде. Қазан айынан бастап елордаға автоөтпе жолдар арқылы барлығы 4197 адам келген. Оның ішінде автоөтпе жолдар арқылы өткендердің ішінен COVID-19 вирусын жұқтырудың 6 жағдайы жүк тасымалдаушылар арасында тіркелген.


6 нысанның жұмысы 3 айға дейін тоқтатылуы мүмкін

«Осы жылдың 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында мониторинг топтары шектеу және карантин шараларының бұзылуына қатысты 158 шұғыл хабарлама жіберді: Осылайша Үйлестіру орталығынан шұғыл хабарламалар келіп түсті. Жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша жалпы сомасы 28 933 070 теңге болатын 107 әкімшілік айыппұл салынды (оның ішінде бір нысандағы 4 қызметкерге айыппұл салынған). Кемшіліктерді реттеу жөнінде 105 нұсқама берілді», - дейді Жанна Пралиева.

Шектеу және карантин шараларының «әдейі бұзғандарға» қатысты нұсқаманы орындамағаны үшін Нұр-сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабының 3-бөлігі бойынша 7 әкімшілік хаттама жіберілді. Олар: «sova» караоке барының, «Жаным сол» караоке-барының, «Alanya» түнгі клубы, «Teqila» лаундж-бары, «Echo» бары, «Алтын» мейрамханасы. Әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-бөлігінің санкциясы нысан қызметін тоқтата отырып, әкімшілік айыппұл түріндегі жаза беруді көздейді. Басқарма өкілдері жоғарыда аталған нысандардың қызметін 3 айға дейін тоқтата тұру түрінде қосымша жаза шарасын қолдану туралы сотқа өтініш жасамақ.

Сөз соңында Жанна Пралиева алдағы Тәуелсіздік мерекесінде елорда тұрғындары 4 күн демалатынын, бұл уақытты туыстары мен жақындарының ортасында өткізуге мүмкіндік алатынын жеткізді.

«Осы ретте мен Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде елорданың әрбір тұрғынына өз денсаулығыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығын ұмытпауға шақырамын», - деп түйді қаланың бас санитары.


Соңғы жаңалықтар