«Қызыл» аймаққа енген Алматыда мешіттер мен шіркеулер қалай жұмыс істейді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының «қызыл» аймаққа өтуіне байланысты діни нысандардың қалай жұмыс істейтіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке мен Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай Алматы қаласының «қызыл» аймаққа кіруіне байланысты, шаһарда діни нысандардың қалай жұмыс істейтінін айтып берді.

Ғибадат жасайтын ғимараттарда әлеуметтік қашықтық (кемінде 2 метр) және басқа да санитарлық нормалар: маскалық режим, дезинфекция және т.б. қатаң сақтай отырып, тек «жеке құлшылық ету» рәсімдері (ұжымдық емес: жұма намазы, жексенбілік қызметтер және т. б.) өткізуге рұқсат етілетіні айтылды.

Сондай-ақ, діни бірлестіктердің басшылығы, діни рәсімдерді өткізу үшін санитарлық нормаларға сәйкес, барлық жағдайларды қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет.

Яғни, ғимаратқа келушілердің температурасын өлшеу, бетпердесіз азаматтарды кіргізбеу, діни бірлестіктер аумағында 2 метрден кем емес аралықта арнайы жазылған белгілер жасау, іргелес аумақты таза ұстау шарт.

«Қаламыздың діни бірлестіктерінің басшылары мен діндар жамағаттан осы уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауларын сұраймын. Біз мұндай шектеулерге бірінші рет тап болып отырған жоқпыз, бәріміз бұл қиындықты бірлесе отырып жеңеміз деп сенемін. Сондай-ақ, Дін істері басқармасының қызметкерлері СЭС және құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлесіп, қаланың діни ғимараттарында санитарлық нормалардың сақталуына мониторинг жүргізетінін атап өткім келеді», - деді Алматы қаласы дін істері басқармасы басшысының орынбасары Ерғали Көшеке.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 10 наурызынан бастап Алматы қаласы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» тұр.

Осыған байланысты, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулы шығарды.

Ол осы жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енеді.


Соңғы жаңалықтар