Қызмет ақысын қате есептеген «Қостанай-Су» кәсіпорнына 2,9 млн теңге айыппұл салынды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысы тұрғындарына сапалы қызмет көрсетпеген «Қостанай-Су» кәсіпорны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.

Қостанай тұрғынының өтініші негізінде мекемеде жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Шара барысында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаменті «Қостанай-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны іс-әрекетінен бірқатар кемшіліктер тапты.

Кәсіпорын суық сумен жабдықтау қызметінің ақысын есептеген кезде төлемақының мөлшерін қате санаған. Яғни тұтынушының үйінде ыстық сумен жабдықтаудың жоқтығын есепке алмаған. Ал бұл сумен жабдықтау және су бұру қызметтері ақысы көлемінің артуына әкеп соқты.

«Осыған байланысты аталмыш табиғи монополия субъектісіне қатысты «Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 164-бабы 4 бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әкімшілік іс Қостанай қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып, «Қостанай -Су» ұйымына 2 969 120 теңге көлемінде айыппұл салынды» делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енбеген, табиғи монополия субъектісі сот қаулысына шағымдануға құқылы.


Соңғы жаңалықтар