Қытайларға қазақ биін үйретіп жүрген биші қыз - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Гауһар Бақытқызы: Мен әлемді би арқылы түсінемін - CNR

Қытайлық kazakcnr.com сайтында Қытайдың теңіз жағалауындағы Шэньчжэнь қаласында жеке би студиясын ашқан қандасымыз биші Гауһар Бақытқызының сұхбатты жарық көрді.

«Шэньчжэнь қаласы (Shēnzhèn) - Қытайдағы алғашқы құрылған арнайы экономикалық аймақ. Ол қазіргі таңда дамып келе жатқан, ірі қалалардың бірі. Әйтседе осы экономикасы қарқынды дамыған, заманға сай бой түзеген жаңа қаланың ұлттық мәдениет пен дәстүрден алшақтай түскені анық байқалады. Сондықтан ел аузында бұл қаланың «Мәдениет шөлі» деген аты бар. Міне осындай жаһандық үрдіске жұтылып, адамзаттың төл мәдениетінен алшақтай түскен алып қалада жеке би студиясын ашып, «мәдениет гүлін» егіп жүрген қазақ қызының еңбегі зор», - деп жазды CNR.


Аталған БАҚ-тың дерегінше, қазіргі күні Шэньчжэнь қаласында тұрып жатқан Гауһар Бақытқызы Қытайдың Алтай аймағының тумасы. 2014 жылы Бейжіңдегі Орталық ұлттар университетінің би академиясын бітірген. Ол Шыңжаң бишілері одағының және Шэньчжэнь бишілері одағының мүшесі. Шыңжаң ән-би ансамблінде биші болған. Гауһар 2014 жылы Хух-Хото қаласында өткен Қытайда тұратын саны аз ұлттардың би фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алған. Сонымен бірге 11-ші Қытай өнер фестивалінің, 15-ші «Вэньхуа сыйлығының», «Тяньшаньдағы махаббат» спектаклі қойылымның алтын медалдарын қанжығалаған. Гауһар Бақытқызы 2016, 2017 жылдары Қазақстан, Өзбекстан, Макао, Үндістан, Бутан және басқада көптеген елдерге өнер сапарымен барып қазақтың биін билеп, әлемге насихаттаған. Сондай-ақ, бишінің қазақтың ұлттық би өнері туралы қаузаған мақалалары Қытайдағы белгілі басылымдарда жарық көрген.


«Би мен үшін арман-тілек, тәуелділік, табандылық, ізденіс жолым. Менің әлемді танып, қабылдайтын ең үлкен терезем. Сондықтан мен әлемді би арқылы түсінемін деп айтамын. Өзім кішкентай кезімнен билегенді ұнатам. Би үйірмелерінде тәрбиелендім. Мен осы уақытқа дейін ұлтымыздың би өнерін өзге жұртқа танытсам, тамашалатсам деп мақсат қойдым. Өнер сапарымен әлем елдерін аралағанда көбінесе «Қара жорға» биін билеп шығатынмын. Сонда көремен ерекше қызығып, қайталап билеуге ұсыныс жасайтын», - дейді Гауһар Бақытқызы.


Сонымен бірге биші сұхбатында Шэньчжэнь қаласындағы би студиясының қалай жұмыс істеп жатқаны туралы айтып берген.


«Біз бала күнімізден қазақтың тойы мен түрлі мерекесіндегі ән мен биді көріп өстік. Бұл орта бізді мәдениетті , өнерді танып-білуге, оны жақсы көріп, әуестенуге үйретті. Ал мына Шэньчжэнь секілді әлемдік финансы, экономика, сауданың орталғы саналатын қалада адамдардың өмірі тым қарбалас өтіп жатыр. Менің шәкірттерім осында келгенде би үйреніп, сонымен бірге демалып, сергіп қалады. Шэньчжэнь қаласы Гонконгқа жақын орыналасқан. Сондықтан болар адамдар Еуропа мәдениетін көбірек қабылдап жатады. Соған қарамастан менің шәкірттерімнің арасында қазақтың «Қара жорға» биін өз болмысымен билеитін биші қыз бар. Биді үйрену барысында қиындық болды. Менде, шәкіртімде сол қиындықтарды жеңіп, үлкен құлшыныспен, қажырлы еңбекпен сәтті үйреніп шықтық. Соның арқасында Хунан телеарнасы ұйымдастырған аламан би байқауында сол қытай ұлтының 10 жастағы қызы «Қара жорға» биін билеп жүлдегер атанды», - дейді биші Гауһар Бақытқызы.


Моңғолия ОСК халықаралық ұйымдарды президент сайлауына шақырды - - KAZNEWS


Моңғолия ОСК елдегі президент сайлауына бақылау жасау үшін Еуроодаққа мүше елдермен бірқатар халықаралық ұйымдарға ресми түрде шақырту жолдады, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

«Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) – ның Демократия институты мен адам құқығы жөніндегі қызметі Моңғолияда өтетін Президент сайлауына бақылау жасайтынын хабарлаған. Моңғолияда Президент сайлауы 9 маусым күні өткізіледі», - деп жазды Kaznews.


Өзбекстанда «Жаңа Өзбекстан» атты білім ордасы ашылады - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


Президент мектебін бітірген түлектері үшін «Жаңа Өзбекстан» жоғары оқу орны ашылады, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Бехзод Мусаев жастармен сұхбат барысында, алдағы уақытта Өзбекстандағы білім нарығы тағы бір үздік оқу орнымен толығатыны жайлы айтқан. Жастармен кездесуде «Жаңа Өзбекстан» университетінде білікті мамандар, әлеуетті оқытушыларды және шетелден ықпалды кадрларды тарту жайлы мәліметтер айтылған.


«2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Президенттік мектептер елдің барлық аймақтарында жұмыс істей бастайды. Мұнда білім беру методикасы Кембридждің білім беру жүйесіне негізделген. Мемлекет басшысы осы мектептерге барғанда мәселенің екінші жағын қарастырып, сұрақ қойды: Кембридж білім беру жүйесін бітірген балалар қайда оқиды? Осы мақсатта Өзбекстанда «Жаңа Өзбекстан» университетін құру бойынша алғашқы қадамдар жасалды «, - деді Мусаев сұхбат барысында.


Шентоп Нығматулинмен телефонда сөйлесті - TRT


Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп Қазақстан Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, әңгіме барысында Мұстафа Шентоп бауырлас және дос Қазақстанның түрік ұлты үшін ерекше екенін айтқан.

«Ковид-19 індетіне қарсы қазақстандық вакцинаның сәуірдің соңында қолданысқа берілгенін және осы вакцинаның бір бөлімі Түркияда құтыларға құйылатынын естідім. Осы саладағы табыстарыңызбен шынайы құттықтаймын. Қарым-қатынастарымызды бекемдей түсу үшін президенттеріміздің, біздің әр өреде шешімділік көрсетуіміз маңызды», - дейді Мұстафа Шентоп.

Ал Қазақстан Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин әңгіме барсында, Түркия мен Қазақстан арасында ғасырлық тарихи байланыстар болғанын еске салып, Мұстафа Шентопты күз айларында өтуі жоспарланған Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүрікПа) 10-шы Жалпы Кеңес жиналысына қатысу үшін Қазақстанға шақырған.



Соңғы жаңалықтар