«Қытайдың Жуы» деп жүргеніміз өзіміздің түркінің жорамалы емес пе?...

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - Синоптиктердің ресми ақпараты өз алдына, Алматы облысының, соның ішінде Жаркент өңірінің қысқы суықты өздерінше өзгеше сипаттау салты бар. Аталарымыз, үлкен кісілер күннің суығына қарап «қытайдың жуы ғой мынау», «қытайдың жуы келді» деп отыратын. Әсілі, бұл сол қытайдың емес, көне түркілердің, яғни біздің бабамыздың табиғатқа қатысты жасайтын есеп-амалы ма деген ой келеді. Әлбетте, мұны әлі де толыққанды зерттеуге болады. Дегенмен, сондай ойдың бір парасын оқырманға ұсынып көрелік.

Жалпы батысындағы «Алтынемел» асуынан - шығыста шекарадағы Алмалы ауылына шейін, солтүстігіндегі Жоңғар Алатауынан - оңтүстіктегі Іле өзенінің қамысты жағалауына дейін көсіліп жатқан кең өлке «Жаркент өңірі» деп аталатынын қазір жалпы жұртшылық жақсы біледі. Ал ертеректе ол «Қоңыр қойын» деп аталыпты. Баяғы жұт жылдары ішкері жақтан осынау құтты өңірге жосыла қоныс аударған жұрттың «Қоңыр қойынға» жетсең, қарның ашпас» деген сөзі содан қалса керек. Табиғаты таңғажайып бұл аймақтың жер жағдайы да сан алуан. Сулы-нулы жасыл желекті белдеуі де, қиыршық құмды төбелері де, топырағы кезерген еріндей шыт-шыт жарылған шөлді-шөлейтті алқаптары да бар. Шыңдарымен көк тіреген тау басында минустық климат үстемдік етіп тұрған шақта, қалың қамысы қаулап өскен оңтүстігінде аптап ыстық апшыңды қуырар сәттер де жиі болып тұрады.

Ал суығы... Синоптиктердің ресми ақпараты өз алдына, бұл өңірдегілердің қысқы суықты өздерінше өзгеше сезіну, бөлекше сипаттау салты бар. Оны «Қытайдың жуы» деп атайды. Жұрт есептеуінше тура 22 желтоқсан күні «Қытайдың жуы» кіреді» дейді. Бала күнімізде осы сөзді естігенде аңғалдықпен: «Е-е, шекарының ар жағындағы қытайлар қатты суықты біз мұздасын деп әдейі жіберіп жатқан шығар» деп ойлағанымыз да рас. Бірақ, осы «жу» туралы жорамалды көнекөз қариялар әлі де айтады.

Қазір Жаркент өңіріне осыдан оншақты жыл бұрын Қытайдан оралған жасы жер ортасына келген Болат Құрсақбай деген оралман бауырымыз тұрады. Ар жақтағы мамандығы - мұғалім. Ал мұнда аз-ақ уақыттың ішінде алдыңғы қатарлы фермерлердің қатарына қосылып алды. Мыңғырған малы, жүздеген гектар егістігі, жеткілікті техникасы бар. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат. Сол қандасымыздың айтуынша: «Жу» - қытай сөзі. Қазақшаға тәржімалағанда кәдімгі «тоғыз» деген санды білдіреді. Бір жылда барлығы тоғыз «жу» болады. Оның әрқайсысы тоғыз күннен тұрады. Негізі, қытайлардың «жу» ұғымы осы «тоғыз» санына байланысты айтылса керек. Бірақ, арғы жақтағы қазақ қауымы мұны «Тоғыс, тоғысу» деген мағынада тілге тиек етіп, «Бірінші тоғыс», «Екінші тоғыс» деп қолданады.

«Ал біздің Іле өңірінде бұрыннан ел ауызында аталып келе жатқан «Жу» сөзі «Тоғыс» деген амал атауымен үндесіп келетін сияқты. Тоғыс сөзі - Айдың тоғысуы деген сөз. Яғни, Ай мен Үркердің бір түзудің бойына келіп, Үркердің көрінбей қалуы. Осы кезде жауын - шашын болып, ауа райының өзгеруін «тоғыс» дейді. Тоғыс сөзі осы айтып отырған, «Тоғыз» сөзінің айтылу барысын да өзгеріске түсіп ( тоғыс) болуы мүмкін», - дейді Болат Қарсақбай.

Сосын ол «Қытайдың Жу»-ын былайша есептеп шығарады: Жыл есебі бойынша 9-айдың (қыркүйек) 22-күні күн мен түн теңеледі. Ары қарай күн қысқарып түн ұзара бастайды. Сосын 12-айдың (желтоқсан) 22-күні күн қысқарып (жерге түсуі алыстап) шегіне жетеді. Осы 22-желтоқсанды «Қытайша Жудың» бірінші күні деп есептейді. Бір жу тоғыз күннен есептеледі. Мәселен, бірінші жу - желтоқсанның 30 күні бітеді. Қаңтардың 8-і күні екінші жу бітеді. Осылай жудан (тоғыздан ) тоғыз жу болады. (9×9=81). Өстіп айналып келгенде қытайдың 9 жуы 81 күнге шығып, күн мен түн теңелетін, жаңа күн басталатын Науырыздың 22-не жақындайды. 81 күн дегенде тағы бір тоғыз күнді қосымша жу есептейді (оны қытайлар жа жу дейді). Осы кезде күн жылып көктемнің лебі келе бастайды. Осы үш ай (тоқсан күн) негізінен қыс айы болып, наурыздың 22-сіне таман Наурыз көктем мерекесіне жалғасады.

«Менің ойымша бұл «Қытайдың жуы» Наурызға дөп келуі бекер емес. Қазақтар арасында осыған қатысты тәмсіл көп. «Бесінші жу да беліңді шеш», «тоғызыншы жуда тобықтай тоң қалмайды» деп те жатады. Сосын қазақтағы ескіше ай есебі отыз күннен есептеліп жаңа аймен салыстырғанда кей жылы үш күн, кей жылы төрт-бес күн айырмашылық болады. Қытайдың шағаны (Жаңа жыл мерекесі) қазақтың ескі айымен бірдей болады да жылдың басы саналады. Ал «Жу» атауы (тоғыс) бұрын ата-бабаларымыз қолданып жаңаша жыл санауы басталған соң ұмытылып қалған. Болмаса айдың тоғысуы, күннің тоғысуы деген терміндер бекерге шықпаған. Оның үстіне Қытай елі де біздің дәуірімізден бұрын Ғұн және Сақтармен мәдениет жағынан ауыс-түйіс болған. Тіпті біздің дәуірімізге дейінгі 2-3-ғасырларда Үйсін хандығымен құдандалы болғаны белгілі. Үйсін хандығы жойылғаннан кейін бұл атау тек Үйсін елі мекен еткен Жетісу өңірінде сақталған ба деп те ойлаймын», - дейді Болат Қарсақбаев.

Қарап тұрсақ қисынға келеді. Сосын есімі елімізге белгілі арқалы ақын, ұлағатты ұстаз, байырғы этнограф Әдепхан Төреханұлы Жақыбаевтан сұрағанда, ол кісінің түсіндірмесі де бұны толықтыра түсті. Саналы ғұмырының біраз бөлігін арғы бетте - Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінде өткізген ол кісінің пікірінше: «Жу» - «Суық кезең» дегенге де саяды.

«Бұның ішінде ең қатты суығы - үшіншісі. Оны қытайша «Сән Жусән» деп атайды. Жалпы, тура осы шақ - Күн Жерден барынша қашықтайтын кезең екені ғылыми түрде дәлелденген қөрінеді. Халық бұл аязды күндерді «Жүгіріп бара жатқан ит қатады» деп бейнелеп айтады екен. «Дәл осы үшінші «жу» кезінде сыртқы дарбазаларын, есігін ашып тастау, ілгегін ілмеу - қытайдың да, қазақтың да бұлжымас қағидасы. Бұл - қатты тоңған адамдар кез келген аулаға емін-еркін еніп, жылыну үшін үйлеріне кірсін деген ізгі ойдан туған» - дейді бүгінде сексен жастың сеңгіріне иек артқан абыз ақсақал Әдепхан Төреханұлы.

Рас, жу туралы әңгіме жұрт арасында әлі де баршылық. «Бесінші «жуда» беліңді шеш» дейді білетіндер. Бұнысы - әлбетте, аяздың беті қайтты деген ишара. Суықтың сағы сынды, енді арқаны кеңге салуға болады деген сөз. Ал соңғы тоғызыншы «жудың» таусылуы - біздің 21 наурызда басталатын көктем мерекесінің басталуына жақындайды. Иә, табиғаттың бұл тылсым құбылысы әр ұлттың ұғымына сәйкес әр қалай айтылады. Әйткенмен, бәрі бір арнаға тоғысып, кезең-кезеңімен дәл келетін қысқы суықты айнытпай сипаттайды. Бұған осы өңір тұрғындарының көзі әбден жеткен.

Әйтсе де, сөз соңында біз бұл есептеуді «қытайдың жуы» дегеннен гөрі, арғы бабаларымызға қатысты екеніне назар аударғымыз келеді. Неге түркілерге таңғымыз келеді?

Біріншіден, «жу»-дың есебі - Наурыз мерекесіне қарай орайласуы. Яғни, тоғызыншы жу аяқталғанда ары қарай тек жаңа күнге амалдар басталады. Қытайдың өз ішінде Жаңа жыл - Шаған (көктем) мерекесін қаңтардың 20-сынан ақпанның 5-іне дейінгі аралықта тойлайтынын баршаға аян. Бұл ықылым заманнан келе жатқан Қытайдың төл мерекесі. Оның Наурызға еш қатысы жоқ. Демек «жу» бойынша есептегенде Наурызға шығатын мереке де оларға жат.

Екіншіден, табиғат құбылысына, суық кезеңге қатыстырылып айтылатын «Қытайдың жуы» дегенді көрші елдегі Іле өңірінің жұртшылығы болмаса, ішкері Қытайда да, Тарбағатай өңірлерінде де ешкім біле бермейді. Бұны көбінесе сол Жаркент өңірінің халқы және сол өңірмен жапсарлас жатқан шекараның арғы бетіндегі ағайындар айтады. Басқа өңірден келген оралман ағайындардан сұрағанда да олар «жу» туралы біліңкіремеді.

Үшіншіден, «жу» сөзі тоғыз деген санды білдіреді дедік. 9 саны арғысы түркілік таным мен түсінікте, бергісі қазақы мәдениетте қасиетті сан болып есептеледі. 3,7,9 сандарына қатысты көнеден келе жатқан ырым-тыйымдарымыз да бар. Ал қытайлар 9-дан гөрі, 6,8 сандарына мән береді. 8 санын байлық деп санайды.

Қысқасы «Қытайдың жуы»-ның есебін Наурызға қарай аяқтау қанша дегенімен бізге көп жақынырақ. Наурыз ежелден келе жатқан мерекеміз. Ендеше бұл екі аралықта өзара байланыс болуы да ғажап емес пе?!

Соңғы жаңалықтар