Қытайдың ғарыш аппараты Айдың бетіне сәтті қонды

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың «Чанъэ-5» зонды сейсенбі күні Айдың бетіне сәтті қонды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншіктің тілшісі Қытайдың Ұлттық ғарыш басқармасына сілтеме жасап.

«Аппарат сәтті қонғаннан кейін, Айдың бетінде жүргізілетін жұмысына кірісті. Ол екі тәулікке созылады», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, миссия барысында зонд Ай топырағының үлгілерін жинап, Жерге жеткізуі тиіс. «Чанъэ-5» Жерге 2 келі топырақ үлгісін әкеледі деп жоспарланып отыр. Жалпы зондтың ұшу уақыты 20 күннен асады. Салмағы 8,2 тонна «Чанъэ-5» зонды орбиталық, қонушы, қайтушы және ұшу модульдерінен тұрады.

Айта кетерлігі, Айды зерттеуге арналған Қытай бағдарламасы 2004 жылы іске қосылды. Ол үш кезеңнен тұрады: Айды айналып ұшу, оның бетіне қону және Жерге айдағы топырақ үлгісін жеткізу.

Еске сала кетсек, «Чанчжэн-5» зымыраны 24 қарашада Оңтүстік Қытайдағы Хайнань аралы провинциясындағы Вэнчань әуе айлағынан «Чанъэ-5» зондын алып ұшқан еді.


Авторы Руслан Сүлейменов

Соңғы жаңалықтар