Қытайдағы үздік тележүргізушілер қатарында Дидар Азатқызы бар - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытайдағы үздік тележүргізушілер қатарындағы қазақ қызы - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)

Қытайлық kazakcnr.com сайтында, ішкі Қытайдағы Сычуань провинциясының телеарнасында жұмыс істейтін тележүргізуші қандасымыз Дидар Азатқызымен болған сұхбат жарық көрді.

Аталған ақпарат құралының жазуынша, Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келген Дидар Азатқызы Бейжіңдегі Қытай геология университетінен ағылшын тілі мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін және Қытайдың ақпараттық медиа университетінен магистратурасын бітірген. Қазіргі күні «Сычуань ТВ» арнасының тележүргізушісі болып жұмыс атқарып жүр. Дидар БАҚ-қа берген сұхбатында, ішкі Қытай жеріндегі миллиондаған бәсекелестерінен оқ бойы озып, республикаға танымалы телеарнада жұмыс істеп, бала күннен тележүргізуші болсам деген арманының орындалғанын баяндаған.

«Менің ата-анамның екеуі де заңгер. Бірақ мен олардың жолымен жүрмедім. Бала күнімнен сахнада сөйлеуге қызығатынмын. Төрт жасымда өзімдей қыздар қуыршақпен ойнап жүргенде мен магнитофонды, микрофонды ұстап ойнағанды ұнатады екемін. Ал есейе бастаған шағымда Қытайдағы көптеген білікті тележүргізушілерінің Бейжіңдегі Қытай ақпараттық медиа университетінен оқығанын біліп, менде осы оқу орына түссем деп армандадым. 9-шы сыныптан бастап ішкі Қытайдағы Чжэнчжоу қаласында оқыдым. Мектепте оқып жүріп түрлі іс-шараларға, байқауларға белсенді қатыстым. Өнер курстарына жазылып өзімді жан-жақты жетілдіруге тырыстым» - дейді Дидар Азатқызы.

Дидар жоғары оқу орнында оқып жүрген кезінде де түрлі конкурстарда өзінің біліктілігін сан мәрте дәлелдейді. Ол Бейжің телеарнасы ұйымдастырған «Ең сымбатты ару» атты Республикалық дикторлар бәсекесіне қатысып, Қытайдағы 50 үздік диктордың қатарына кіреді. Сонымен бірге Дидар «Жэньминь жибао» (People Daily) сайты ұйымдастырған «Марафон жүргізуші» байқауында күміс медаль алып, «Халық спорты» марафон жарысының жүргізушілігіне ұсыныс етіліп, Қытайдың мемлекеттік CCTV телеарнасында практикадан өтеді. Дидар бұл секілді талай жарыстарда бақ сынап, топ жарады.


«Магистратураны оқып пітіргеннен кейін маған Шанхай спутниктік телеарнасынан және Бейжіңдегі Suning PP Sports телеарнасы мен Sichuan TV секілді үш телеарнадан жұмыс істеуге ұсыныс болды. Осылайша Бейжің немесе Шанхай секілді үлкен қалада қалып жұмыс істеу орайы туып, таңдау жасауыма тура келді. Жақсы көрген мамандығың бойынша алғашқы жұмысыңды бастайтын орынды таңдау өте маңызды деп ойладым. Сол тұрғыдан қарағанда Sichuan TV-де кәсіби білктілігімді шыңдауға мүмкіндіктің көп екенін білдім. Сондықтан осы арнада жұмыс істеуді жөн санадым. Кейіннен сол ойлаған мақсатыма жетіп, Sichuan TV-дің бірнеше арнасында, түрлі телебағдарламаларда тележүргізуші болып жұмыс атқардым. Бұл арна менің жан-жақты жетілуіме көмектесті», - дейді Дидар Азатқызы.


Қытайда тұратын қырғыздар Қырғызстанға көмек заттар жіберді - «Жэньминь жибао» (People Daily)


Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Қызылсу Қырғыз автономды облысы коронавируске қарсы күресте қолдау көрсету үшін Қырғызстанға көмек атады, деп хабарлайды kazakh.people.com.cn сайты.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, Қырғызстан елінің коронавируске қарсы күрес шараларын қолдау үшін Қытайда тұратын қырғыз қандастары көмек ретінде алғашқы топта 10,000 KN94 маскасы, 200 000 медициналық маска және 1000 дана халат жіберген.

«Қытай халқы індетке қарсы күресіп жатқан кезде, Қырғызстан үкіметі мен халқы да Қытайға өзінің мүмкіндігінше қолдау көрсетті. Ал Қырғызстандағы қазіргі жағдайда Қытай халқы да қолынан келген көмегін аянып қалмайды. Алдағы уақытта тағыда Қырғызстанға Қытайдың эпидемияға қарсы көмек заттары жеткізілетін болады», - деп жазады «Жэньминь жибао» сайты.


8 мемлекет өкілдері БҰҰ Бас хатшысына санкциялардың коронавируспен күреске теріс әсерін ескертті - «Фарс» ақпарат агенттігі


БҰҰ-дағы Иран, Ресей, Қытай, Куба, Солтүстік Корея, Ирак, Венесуэла және Никарагуа елдерінің өкілдері ұйымның Бас хатшысына хат жазып, коронавирустың ортақ дұшпан екені және санкциялардың онымен күресуге теріс әсер ететіні жөнінде ескертті, деп жазады Рarstoday.

IRNA ақпарат агенттігінің мәліметінше, 8 мемлекеттің өкілдері БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришке жолдаған хатта: «Қазіргі кезде халықаралық заңдар мен БҰҰ-ның Жарғысын әшкере бұзып, біржақты және заңсыз салынған санкциялар елдердің коронавируспен күресуін қиындатты», - деп жазды. Хаттың жалғасында коронавирусқа қарсы күрестің ынтымақтастық пен бірлестіктің жоғары деңгейін қажет ететіні қуатталып: «Санкциялар үкіметтердің коронавирусқа қарсы күресін, әсіресе науқастарды емдеуге қажет тестер мен дәрі-дәрмек және тағы басқа медициналық қажеттіліктердің уақытылы қамтамасыз етуін әлсіретеді»,- деп ескертілді.

Осыған орай БҰҰ-дағы 8 мемлекеттің өкілдері ұйымның Бас хатшысынан экономикалық қысым көрсетіп отырған заңсыз санкциялардың күшін толық жоюды сұрады.


Қазақстандағы түрік азаматтары еліне оралады - TRT


Түркияның Қазақстан Республикасындағы өкілетті елшілігі елге қайтқысы келгендерге жедел хабарлама жариялады. Қазақстандағы түрік азаматтары 29 наурыз күніне дейін елге оралуына болады, деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.

«Бұл туралы хабарламаны Қазақстандағы Түркия елшілігі әлеуметтік желіден жариялады. Хабарламада «Қазақстаннан елге оралғысы келетін барлық азаматтарымыздың Air Astana және SCAT әуежолдарының рейстерімен елге оралуына мүмкіндік жасалады» деп айтылды. Түркияға оралғысы келетін азаматтар осы екі әуежолымен байланысқа шғуы керек. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан ұшатын жолаушылар қалада карантин жүргізілгендіктен алдымен елшілік және Алматы бас консулдығымен хабарласуы тиіс. Осыған орай Түркияға қайтқысы келетін түрік азаматтары 26 наурыз күні Алматы, 27 наурыз күні Атырау, 28 наурыз күні Нұр-Сұлтан және 29 наурызда Алматыдан ұшуына болады», - деп хабарлайды БАҚ.


Өзбекстан Ұлыбритания мен Пәкістанға күкірт экспорттайды - «ӨзА» ақпараттық агенттігі


«Өзбекнефтгаз» компаниясы газды қайта өңдеу нәтижесінде алынған күкірт өнімдерін шетелге экспорттауды жолға қойды, деп хабарлайды Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«Қазіргі уақытта күкірт экспортының алғашқы келісім-шарты Ұлыбританияда тіркеуден өтті. Келісім негізінен май өнімдері, тыңайтқыштар және астық өндіруге мамандандырылған жаһандық сауда компанияларының бірі «Commoditrade Limited» пен жасалды. Келісімге сай «Өзбекнефтгаз» компаниясы 100 мың тонна күкірт экспорттайды. Сонымен қатар, Пәкістан мемлекеттік «International Business System» компаниясымен де экспорттық келісімге қол қойылып, алғашқы тапсырыс 50 000 тонна күкірт өнімдерін экспорттауға келісім жасалды», - деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Гүжімді әулие «Тамды шаруагері» газеті


Өзбекстанда шығатын «Тамды шаруагері» газеті «Қызылқұм тарихы беттерiнен» айдарымен «Гүжімді әулие» атты мақала жариялады.

«Қызылқұм ѳӊiрi-кеӊ байтақ. Бұл өлкені адамдар есте жоқ ескі замандардан бері мекен етіп, ыссылы-суық талай күндерді бастан кешіріп келеді. Сол замандарда елдi имандылыққа, қайырымдылыққа бастаған, адамгершiлiк құндылықтарды уағыздап, жан тазалығымен ел құрметiне бѳленген небiр әулиелер ѳткен. Жергiлiктi халық, бұл кiсiлер пәнилiк болған соң, қабiрлерiне зиарат етiп, оларды әулие санады, құрмет етті. Зарафшан қаласына жақын маӊдағы «Гүжiмдi әулие» қорымы - осындай қасиетті орындардың бiрi. Сол маӊайдан күнде өтіп жүрсек те, ѳткен замандарда осы жердi мекен еткен, ѳмiрлерiн имандылыққа бағыштап, адамдарды тура жолмен жүруді насихаттаған адамдар туралы бiле бермеймiз» деп жазады газет.

Газетте Гүжімді әулиенің орналасқан жері, сол маңдағы басқа да жұрт киелі санайтын орындар туралы жазылады. Соларға қатысты ел аузынан үзілмей келе жатқан аңыздарға, әңгімелерге назар аударады. Мәселен, сол әулиенің жатқан жеріне жақын маңда қорым бар екен. «Озған әулие» деп атап кеткен осы қорымда әулиенiӊ шырақшысы болған Алтыбай атаға арналған тастан жасалған ескерткiш тақта белгі орнатылған.

«Ѳкiнiшке орай, ел арасында «Озған әулие», оның өмірі, шыққан тегi, жасаған iстерi туралы мәлімет сақталмаған. Есесiне, ел iшiнде әулиенiӊ шырақшысы болған Алтыбай ата туралы қызықты аӊыз-әӊгiмелер кѳп. Алтыбай ата-қазақтыӊ кiшi жүз, Жетiру тайпасына жататын Телеу руынан шыққан кісі. Ел ауызындағы аӊызға жүгінсек, Алтыбай атаға түсiнде «Озған әулие» аян берiп, қабiрiнiӊ қараусыз қалғанын, осы жерге келiп, иелiк етуiн өтінген. Сонан Алтыбай ата осы жерге келiп, қорым айналасын тазалап, әулиенiӊ қабiрiне тастан қорған салады. Сайдағы бұлақ кѳзiн ашып, құдықты тазалайды, айналасына Гүжiмдi дарағын отырғызады. Дарақтар гүлдеп, жайқала ѳскен бұл жер кейін «Гүжiмдi әулие» аталып кетедi. Алтыбай ата ѳмiрiнiӊ кѳп жылын, әулиге қызмет етумен бiрге, жәрдемге мұқтаж кісілерге көмек беріп, имандылықты, аруақты құрметтеудi насихаттаған» деп жазады газет.

Бұдан бөлек, газетте жазылғанындай, Алтыбай ата «Озған» әулиенiӊ шырақшысы ғана емес, керемет қабiлет иесi болған екен. Ол кісіге қатысты ел арасындағы аңыз, әңгімелер де беріледі.

«Қызылқұм ѳӊiрiнде есте жоқ ерте замандардан берi келе жатқан, ѳткен ғасырлардан сыр шертетiн кѳптеген аӊыз-әӊгiмелер бар. Біз сөз еткен «Гүжiмдi әулие» хикаясы-осы аӊыздардыӊ бiрі ғана. Шындығына келсек, мұнда келсең, жанға жағымды тыныштық пен, басқаша әсерлi жеӊiлдiк сезiнесiӊ. Сол үшiн бе, әлде басқаша себеп болды ма екен, бiр замандарда Алтыбай ата мекен еткен осындағы кiшкене бұлақ пен құдық орнында бүгiнгi күнi демалыс орны салынған» деп жазады газет.



Соңғы жаңалықтар