Қытайдағы қазақ режиссері түсірген фильм көрермендерді таңғалдырды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Kaznews ақпарат агенттігінің 10 жылдық мерей тойы тойланды - Kaznews

25 қараша күні моңғолиялық «Kaznews» ақпараттық агенттігінің 10 жылдық мерей тойы өтті, деп хабарлайды «Kaznews».

Салтанатты рәсімді аталған ақпараттық агенттіктің негізін қалаушы Өмірбек Қабайұлы ашты.

«Kaznews» ақпарат агенттігінің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. 2011 жылы 11 қарашада құрылып, 2018 жылы Моңғолияның Байланысты реттеу комитетінен ақпараттық құрал мәртебесін алған. Өздеріңізге белгілі болғандай 2020 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдығына орай «Үркер» ұлттық сыйлығымен марапатталдық. 2021 жылға дейін агенттіктің сайты 5 рет жаңарып, заманауи, жаңа технологиялық талаптарға сай қызмет көрсетуде. Бүгінге дейін 3500-ге жуық материал жарияланып, интернетте қазақ тілді контенттердің санын арттыруға, Моңғолия мен Баян-Өлгий аймағын дәріптеу жолында сүбелі еңбек атқарып келеді...», деді Өмірбек Қабайұлы.

Моңғолияда алғаш рет «Kaznews» агенттігінің 10 жылдығына орай «HIT NEWS 2021» сыйлығын табыстау рәсімін өткізді. Аталған сыйлық иегерлерін марапаттау үшін Kaznews агенттігінде 2021 жылы жарияланған мақала, жаңалық, сұхбаттардан ең көп талқыланып, ең көп оқылған үздіктері белгіленген. Сыйлықты дауыс беру арқылы емес, сайттағы сандық жүйеге негізделген статистикалық мәліметтерге жүгіне отырып анықтағанын тілге тиек етті Ө.Қабайұлы.

Айта кетейік, салтанатты іс-шарада Моңғолия парламентінің депутаты Әубәкір Тілеуханұлының, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев мырзаның, Отандастар қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов мырзаның құттықтауы оқылды. Баян-Өлгий аймағының әкімі Бауыржан Дәлелұлы Kaznews ақпарат агенттігінің 10 жылдық мерей тойымен құттықтау сөзін сөйлеп, Өмірбек Қабайұлын «Баян-Өлгий аймағының озат қызметкері» төсбелгісімен марапаттаған.

Қазақстан Өзбекстанның импорттағы үлесі ең жоғары елдер қатарында - «ӨзА»

Өзбекстанның қай елдерден көбірек импорт жасайтыны белгілі болды. Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметінше, 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында Өзбекстанның импорттағы үлесі ең жоғары елдер қатарында Ресей, Қытай, Қазақстан көш бастап тұр, деп хабарлады «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Осы уақыт аралығында 4, 2 млрд долларлық тауар Ресейден келген болса, 4 млрд долларлық өнім Қытайдан, 2, 2 млрд долларлық тауар көрші Қазақстан елінен әкелінген.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, осы үш елден басқа Корея, Түркия, Германия, Түркіменстан, Үндістан, Украина, Литва қатарлы елдерден импорттық тауарлар әкелінеді екен.

Өзбекстанның экспорты бойынша еліміз алғашқы төрттікте тұр.

«2021 жылдың қаңтар-қазан айларында Өзбекстан экспортының көлемі 12, 4 миллиард АҚШ долларын құрады. Экспорт бойынша ең жоғары үлеске ие елдер қатары мынадай: Қытай – 2, 1 млрд доллар, Ресей – 1, 7 млрд, Түркия – 1, 4 млрд, Қазақстан – 952, 4 млн, Қырғызстан – 643, 4 млн, Ауғанстан – 521, 6 млн, Тәжікстан – 394, 8 млн, Украина – 172, 4 млн, Канада – 171, 5 млн, Түркіменстан – 151, 5 млн доллар», деп жазды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Өзбекстанның сыртқы сауда айналымы 32, 6 млрд долларды құраған.

Бек түсірген фильм қытай көрермендерін тамсандырды - CNR

«Құлып»(«门锁») атты бұл фильм бір отбасында жалғыз өзі тұратын әйелдер өмірінің қауіпсіздігі туралы тақырыпқа түсірілген. Фильм 6 күн бұрын прокатқа шықты және қазірге дейін сатылған билеттерден түскен ақша 148 миллион юанға(9916000000 теңге – авт.) жетті. Бұл киноның режиссері Бек (Өркенбек Бейсенбайұлы) есімді шыңжаңдық қазақ азамат, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

Аталған фильм көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге, киноның көтерген тақырыбы бүгінгі қоғам үшін өте өзекті әрі әртістердің ойнау шеберлігі де жоғары деңгейде деп бағалануда.

«Мен режиссерлік еткен бұл фильм прокатқа шыққан тұңғыш толықметражды туынды. Осы киноға барлық күш-жігерімді жұмсадым. Түсірілім барысында жас режиссерлер бастан өткізетін қиыншылықтарды бастан өткердім», - деді Бейжіңде тұратын жас режиссер Бек.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, бұл фильм бір үйде жалғыз өзі тұратын әйелдердің шынайы өмірін көрсететін алғашқы фильмдердің бірі. Бұқаралық ақпарат құралдарының статистикасы бойынша, 2021 жылы Қытайда отбасында жалғыз тұратын әйелдердің саны 100 миллионға жақындаған. Бұл өте үлкен проблемалардың бетін ашады.

«Бектің фильмі жалғыз тұратын әйелдердің күрмеулі мәселелерін ескертетін жай ғана әлеуметтік фильм емес. Онда триллер ретінде фильмде қорқынышты эпизодтар да қамтылған. Бұл арқылы режиссер фильмнің негізгі айтайын деген ойын нақтылауға тырысады», деп жазады CNR.

«Басында қандай фильм түсірсеңіз ол жас маман үшін тәжірибе жинау кезеңі болады. «Құлып» туындысы менің жанрлық фильм түсірудегі алғашқы тәжірибем. Бұл бойынша сын да, мін де айтылса мен сол арқылы болашақтағы шығармашылық беталысымды айқындаймын», дейді жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы тілшілерге берген сұхбатында.

«Құлып» туындысы қытай тілінде түсірілген.

Айта кетейік, Бейжің қаласында тұратын қандасымыз, жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы Қытай елінде кино саласы бойынша жемісті еңбек етіп, талантымен жұртқа танылып жүр. Бейжің кинематография академиясының түлегі, талантты жас режиссер Өркенбек Бейсенбайұлы 1993 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі, Санжы облысының Манас ауданында дүниеге келген. Ол бұған дейін Қытайда көп сериялы телефильм түсірудің ең үздік маманы деп мойындалған Убай деген режиссер екеуі бюджеті 460 миллион юань (65 миллион 800 мың доллар) болған, 60 бөлімді «Нысанаға алу» атты телесериалын түсірген. Режиссер ретіндегі Өркенбектің тырнақалды туындысы «Құтқару» атты қысқаметражды кинофильмы. Оның осы шығармасы 2017 жылдың желтоқсан айында өткен 8-ші Қытай халықаралық «Жаңа медиа» қысқаметражды фильмдер фестивалінде жүлделі орынға ие болған. «Құтқару» фиьмы 2018 жылы халықаралық Канн кинофестивалінде үздік микрофильмнің бірі атанды.

Серік Бердімұратұлының қарсыластарын ұтқан сәті - Kaznews

Монголияның Ұлан-Батыр қаласында SPS телеарнасының бастамасымен ұйымдастырылған «Бахдам гарамгай уран хурц» палуандар бәсекесінде Баян-Өлгий аймағының тумасы мемлекеттік лашын дәрежелі палуан Серік Бердімұратұлы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, Серік жеңістің биік тұрғырына көтерілу үшін 7 қарсыласынан басым түскен.

Kaznews ақпараттық порталы С. Бердімұратұлының сол жеңісті сәттерінен видео топтама ұсынған.

ТүрікПа мен Қазақстан арасында меморандум - TRT

Түркітілдес Мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ер Қазақстанға барды. Түркітілдес Мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханасы арасында өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Түркия радио телевизия порталы.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, өзара серіктестік туралы меморандум аясында екі мекеме арасында мәдениет, құқық, тарих және тіл салаларында бірлескен зерттеулер жүргізіледі.

Бас хатшысы Мехмет Сүрейя Ердің сапары аясында ТүрікПА мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті кітапханасы арасында өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Қол қойылған меморандум ТүрікПА-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталғаны айтылды.

Бас хатшы меморандум аясында Түрік әлемінің бірлігі мен тыныштығына үлес қосатын жұмыстар атқаруға күш салатынын айтқан. Оның айтуынша, Түркітілдес Мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясы парламенттік өлшемдегі басқа бес бауырлас ұйым арасындағы ынтымақтастықты қолдау және төрелік ету болып табылады.

Философтың міндеті – қоғам дертін емдеу - Parstoday

Алматыда «Әл-Фарабидің «Әл-Хуруф» (Әріптер) атты трактатының парсы тіліндегі аудармасы мен оған жазылған ғылыми түсініктеме» деген тақырыпта вебинар өтті, деп хабарлайды ирандық Parstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы мен Алламе Табатабаи университетінің философия ғылымының докторы, фарабитанушы Қасым Пурхасан Дарзидің қатысуымен 17 қараша күні «Әл-Фарабидің «Әл-Хуруф» (Әріптер) атты трактатының парсы тіліндегі аудармасы мен оған жазылған ғылыми түсініктеме» деген тақырыпта вебинар өткізген.

Вебинардың қонағы Қасым Пурхасан Әл-Фараби еңбектеріне арналған төрт томдық кітап жазғанын, соның соңғысы «Әл-Фараби және әл-Хуруф: лингвистикалық және философиялық ойлары» деп аталатынын атап көрсетті.

Доктор Пурхасанның пікірінше, Әл-Фарабидің «Әл-Хуруф» трактаты сол кездегі қоғамның сұранысына ғана емес, бүгінгі қоғам сұранысына да толықтай жауап береді. Ол Әбу Наср Әл-Фарабидың «Әл-Хуруф» еңбегін аударып оған түсініктер жазуына сегіз жыл уақыт жұмсаған.

«Қасым Пурхасан мырза өз ойын қорыта келе, Әл-Фарабидің мұрасы, соның ішіндегі «Әл-Хуруф» трактатының айтар ойы ұшан теңіз, қоғамның барлық сұрақтарына жауап беретін, адасқан әрі азғындыққа ұшыраған қоғамды емдейтін және тура жолға салатын мұра. Ал философтар – қоғам дертін емдеушілер. Философиялық ой дамыған қоғам адаспайды және ылғи да даму үстінде болатынын бірінші рет әл-Фараби атап көрсеткен», деп жазды Parstoday.

Вебинар сұрақ-жауап және пікір алмасулармен жалғасты. Вебинарға Шығыстану, Философия және саясаттану факультеттерінің оқытушылары, студенттері және Әбу Наср әл-Фараби еңбектерін зерттейтін және аударатын мамандар қатысқан.


Соңғы жаңалықтар