Қытайдағы қазақ боксшысы: Намыс бәрінен жоғары - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Ирандағы көркі көз қызықтыратын «Алатаулар» - «Фарс» ақпарат агенттігі


Сан түрлі түске боялған Маһнешан таулары Ирандағы Табриз қаласының солтүстік-шығысынан 25 шақырым жерде Занджан облысында орналасқан. Көз қызықтыратын бұл төбелердің жергілікті атауы – Аладағлар. Олардың түсі қызыл, қоңыр, жасыл, сарғылт, сары және ақ. Мұндай түстер топырақтың құрамында бар шөгінділер мен минералды заттарға байланысты, деп хабарлайды parstoday.com.


Бағзы заманда жергілікті тұрғындар Наурыз мейрамы қарсаңында осы түрлі-түсті топырақты араластырып немесе өздері қалаған бір түсті таңдап, үйдің сыртын бояған. Бір қызығы Ирандағы бұл заты бөлек «Аладағлар» деп аталатын таулардың атауы түркі сөзінен шыққан екен. «Ала» түркі тілінде түрлі-түсті, ал «дағ» тау деген мағына береді. Яғни қазіргі қазақ тілімен айтсақ «Алатаулар».


Ирандық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Маһнешан тауларының көлемі – шамамен 70 шаршы шақырым. «Маһнешан таулары – Занджан облысының таңғажайып табиғи тартымдылықтарының бірі.


Геологтардың айтуынша, мұндай әдемі құбылыс 15 млн жыл бұрын түзіле бастаған. Түстің әрқайсысы белгілі бір минералды білдіреді. Ал жасыл түс топырақта мыс барын көрсетеді. Сан түрлі түсімен көрген адамның көз жауын алатын Маһнешан таулары – суретке түсіруге таптырмайтын объект», деп жазады «Фарс» ақпарат агенттігі.

Боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы: Баскетбол қолымызды дәлдікке баулиды - «Жэньминь жибао» (People Daily)


Осы аптада People Daily ақпарат порталында бокстан Токио Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алған қытайлық қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлының сұхбаты жарияланды.

Айта кету керек, өткен жылы Иорданияның Амман қаласында өткен бокстан Олимпиадаға іріктеу турнирінде Қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек Таңатқанұлы Токио Олимпиадасына жолдама ұтып алған болатын. Қандасымыз Қытайдың Шыңжаң өңірінде 1996 жылы дүниеге келген. Ол бүгінгі таңда 75 келі салмақта аталған елдің ең мықты боксшыларының бірі.

Ол бұл жолғы тілшіге берген сұхбатында, жолдама алғаннан бері ешқандай демалыссыз дайындық үстінде жүргенін айтады.

«Намыс бәрінен де жоғары» - бұл Шыңжаң бокс командасының командалық ұраны, дейді боксшы Тоқтарбек.

Ол 14 жасында осы командаға 2011 жылы қосылғаннан бастап, бұл командалық ұранды өзінің жүрегінде мықтап сақтағанын тілге тиек етеді.

«Ең жоғарғы мінбеде тұру - менің мақсатым мен бағытым», дейді қытайлық қандасымыз.

Мемлекеттік бокс командасының жаттықтырушысы, Шыңжаң бокс спортын басқару орталығының меңгерушісі Әбдүшкүр Мижитте журналистерге Тоқтарбектің күнделікті жаттығуы туралы өз ойын айтқан.

«Күнделікті жаттығулардан басқа, Тоқтарбекке қарсыластардың әртүрлі типтеріне бейімделуіне мүмкіндік беру үшін түрлі деңгейдегі қарсыластарды ұйымдастырамыз. Сонымен бірге қорғаныс, шабуыл және қорғаныс трансформациясы бойынша негізгі жаттығулар өткізіледі», дейді Әбдүшкүр.

Сұхбаттың соңында боксшы Тоқтарбек өзінің кәсіби шеберлігін жетілдіру үшін спорттың басқа бір түрін жиі жалғастырып отыратынын айтады.

«Мен өзіме қатты ұнайтын баскетболды жиі ойнап тұрамын. Спорттың бұл түрі біздің аяғымызды және физикалық икемділігімізді дамыта алады және баскетбол қолымызды дәлдікке баулиды...», дейді боксшы Тоқтарбек Таңатқанұлы.

Қазақстанның Түркиядағы елшісі мен TRT басшысы кездесті - TRT


Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Түркия Телерадио корпорациясы Атқару комитетінің төрағасы және бас директоры Ибрахим Еренмен кездесу өткізді.

Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлады.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Анкарадағы ТРТ басқармасында өткен кездесуде Қазақстан мен Түркия лидерлерінің жақын және сенімді байланыстар арқылы екі ел арасындағы саяси, білім беру, сауда, экономика және инвестиция қарым-қатынастарының дамығанына назар аударған елші Сапарбекұлы алдағы кезеңде екі жақты ынтымақтастықтың мәдени салаларда да дамуы керектігіне сенетінін айтқан.

Сондай-ақ, кездесуде алдағы кезеңде медианың да қолдауымен мәдени ортақ жобалардың жасалуы тақырыптары талқыланды. Мәдени жобалар арасында юмор мен комедия саласын дамыту, ТРТ Балалар арнасындағы қуыршақ фильмдердің қазақ тіліне аударылып, Қазақстанда таратылуы туралы сөз болған.

Елші Сапарбекұлы осындай жұмыстардың екі бауырлас ел арасындағы мәдени және рухани тәуелділікті бекемдеуде маңызды рол атқаратынын атап айтты.

Ибрахим Ерен де екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастарға әрқашан қолдаушы болатындарын білдірді. Сонымен бірге бұл атаулы кездесуде тараптар Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жыл бойы іс-шаралар ұйымдастыру және деректі фильм түсіру тақырыптарын келісті.

Осы тұрғыдан ТРТ Бас директорлығы мен Қазақстан елшілігі дайындық жұмыстарын бастауға да уағдаласқан.

Әдеби шара: Шығыстың сөнбес жұлдыздары - «ӨзА» ақпараттық агенттігі

Шығыстың әлемге әйгілі ғұламалары мен ойшылдары Хафиз, Фирдауси, Рудаки, Низами, Омар Хайям, Сағди, Жалаладдин Руми, Насир Хусрау, Жәмилердің арасында Әлішер Науаи мен Захириддин Мұхаммед Бабырдың алар орны ерекше.


Жуырда Ташкент облыстық Шыршық мемлекеттік педагогикалық институтында «Шығыстың сөнбес жұлдыздары — Науаи мен Бабырдың түркі тілдес халықтар әдебиетіндегі орны» тақырыбында әдеби іс-шара өтіп, оған елдегі әдебиетсүйер қауым өкілдері қатысып жастарға шайырлардың сан жылдар өтсе де рухани құны сөнбес жырларының мазмұны жайлы жеткізілді. Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі хабарлаған болатын.


«Биыл Түркі әлеміне ортақ тұлға, өзбек әдебиетінің негізін қалаушы Әлішер Науаидың туғанына 580 жыл, ал Заһираддин Мұхаммед Бабырдың туғанына 538 жыл толып отыр. Олардың шығармалары мен өнегелі әрі ғибратқа толы өмірі мен еңбек жолы ғасырлар бойы адамзатқа рухани азық болуда... Сол үшін біз олар туралы деректерді жазуды емес, бүгінгі таңда ақындардың туындыларын жастар арасында насихаттау, осы дүниелер арқылы олардың бойына адамилық құндылықтар мен қасиеттерді сіңіру мақсатында елімізде атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталуды жөн санадық», деп жазды өзбекстандық БАҚ.


Ташкенттегі институтта өткен айтулы шарада, музыка бағытында білім алатын екінші курс студенті Жанғали Адилов «Көзімнің қарасы» әнін айтып, Науаи мен Абайдың шығармашылығын бір арнада тоғыстырған. Шыршық қаласындағы №17 жалпы орта білім беретін мектептің оқушылары «Туған жер» әнін, Бостандық ауданы «Айдаралы» ауылындағы №31 мектептің «Балауса» әуесқой домбырашы балалар ансамблі қазақтың «Саржайлау» әнін шырқап көрерменнің ықыласына бөленгенін, айтады uza.uz ақпараттық порталы.


Шарада Науаидың өлеңдеріне Абай тәнті болғаны, оның шығармашылығын қазақ жазушылары Мұхтар Әуезов, Есмағамбет Ысмайылов, Рахманқұл Бердібаевтардың зерттегені тілге тиек етілді. Сондай-ақ белгілі ақын Несіпбек Айтовтың рубайларды қазақ тіліне тәржімәлағаны да сөз болып, олардың бұл еңбектерін қатысушылар әдеби достыққа балағаны айтылды.

2021 жыл атаулы күндерге толы - Kaznews


Моңғол елі үшін 2021 жылы атаулы күндерге толы болмақ. Бұл даталарды атап өту ең алдымен халықтың мұрасын, құндылықтарын, танымал тұлғалардың сіңірген еңбегін жастарға насихаттау үшін қажет, деп хабарлайды Моңғолияның Kaznews ақпараттық порталы.

Моңғолиялық БАҚ биылғы атаулы күндерді Моңғол халық республикасының 100 жылдығымен бастапты. 1921 жылы 11 шілдеде Моңғол халық республикасы жеңіп, өз тәуелсіздігін қайта жариялаған екен. 1939 жылы Жапон милитаристері Моңғолия жеріндегі Халхинғол бойын басып алғанда жаудың қорғаныс шебін бұзып кіру бұйрығын алған әйгілі Ікей батыр Мәзімұлының 110 жылдығы. Осы шайқаста ол ерлікпен қаза табады. Ікей батыр Мәзімұлына бұл ерлігі үшін 1979 жылы Моңғол халық республикасының батыры атағы берілген. Моңғол елінің «Халық әртісі» атағын алған «Қазақ өнерінің қара нары» делініп келген Қибатдолда Жұмапиұлының да 100 жылдығы биыл аталып өтпек.

Бөхийн Баастның 100 жылдығы. Моңғолияның халық жазушысы Бөхийн Бааст 1921 жылы дүниеге келген. Ол Моңғолия қазақ жазушыларының туындыларын моңғол тіліне аударуға зор үлес қосқан жазушы ретінде тарихқа аты қалған.

Сондай-ақ биыл қазақтілді «Өркендеу» газеті шыққанына 80 жыл толыпты. Моңғолия қазақтарының баспасөзінің алғашқы қарлығашының бірі «Өркендеу» газетінің тұңғыш саны 1941 жылы 13 қарашада Баян-Өлгийде шыққан. Редакторына үгіт бөлімінің меңгерушісі М.Қабасты тағайындаған. Латын әліпбиімен «Өркендеу» газеті алғаш 200 данамен басылып шығып, 1 жылдан соң криллицаға көшкен.

Сонымен қатар сол елде туып өскен тағыда басқа 7-8 ұлты қазақ мемлекет және қоғам қайраткерінің биылғы жылы даталы күндері аталып өтетінін жазады Kaznews.mn.

Айтпақшы, қазақтілді Казньюс (Kaznews.mn) ақпараттық агенттігіне де биыл 10 жыл толып отыр екен.


Соңғы жаңалықтар