Қытайдағы ел чемпионатында екі қандасымыз жүлдегер атанды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Өзбеккино» Қазақстан елшілігімен ынтымақтастық жасауда - ӨзА

«Өзбеккино» ұлттық агенттігінде Өзбекстандағы Қазақстан Республикасының елшілігімен кездесу өтіп, онда екі тараптың алдағы ынтымақтастығы талқыланды, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Кездесуде «Өзбеккино» агенттігі тапсырысы бойынша таспаланған режиссер Хилол Насимовтың «Мұра» (Мерос) атты көркем фильмі көрсетілген.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, көрсетілім аяқталғаннан кейін Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды агенттіктің бас директоры Фирдавс Абдухоликов, кинорежиссер Хилол Насимов және «Өзбеккино» агенттігі өкілдерімен кездескен.

«Кездесу барысында агенттік бас директоры Қазақстан елшілігін «Өзбеккино» компаниясымен ынтымақтастыққа шақырды. Ол ең алдымен «Мұра» көркем фильмінің ірі премьераларын Өзбекстан мен Қазақстанда өткізуді ұсынды. Сондай-ақ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы кино нарығын жақсартуды және қыркүйек айына жоспарланған «Жібек жолының інжу-маржаны» атты Ташкент халықаралық кинофестиваліне қатысуды ұсынды. Өз кезегінде Қазақстан елшісі осынау игі істер мен барлық ұсыныстарды жөн санап, бұл ынтымақтастық киноиндустрияның дамуына әсер ететіндігін айтты» деп жазады ӨзА ақпарат агенттігі.

Қытайдағы ел чемпионатында екі қандасымыз жеңіс тұғырынан көрінді - «Жэньминь жибао» (People Daily)

27-30 наурыз аралығында Хэйлунжян коньки стадионында конькимен сырғанаудан 2020-2021 жылғы маусымның ұлттық чемпионаты өтті, деп хабарлады People Daily ақпарат порталы.

Барлығы 112 адамнан тұратын 36 команда ерлер мен әйелдер арасында 500, 1000 м, 1500 м, 5000 метр, командалық қуу, әйелдер арасында 3000 және ерлер арасында 10000 метрлік жарыстарда бақ сынады.

29 наурыз үшінші жарыс күні болды. Сол күні ерлер және әйелдер арасында 1000 метрге, сондай-ақ әйелдер 5000 метрге, ерлер 10000 метрге жүгіру жарыстары өткен.


«Ерлер арасындағы 10000 метрлік жарыста бақ сынаған шыңжаңдық қандасымыз Бауыржан Рахатұлы күмістен алқа тақты. Ал, конькимен сырғанаудан әйелдер арасындағы 5000 метрлік жарыста тяньжиндік қазақ Ақнар Адаққызы да күміс медальді қанжығасына байлады» деп жазады «Жэньминь жибао».

Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл іс-шараны ҚХР мемлекеттік спорт бас мекемесі мен Қысқы спорт түрлерін басқару орталығы және Қытайдың коньки тебу қауымдастығы ұйымдастырған.

Еуразия ұлттық университеті мектеп бітіруші түлектерді қабылдауға дайын - Kaznews

Осындай ақпарат моңғолиялық Kaznews порталында жарияланды.

Қазақстан Республикасының жетекші классикалық жоғары оқу орындарының бірі – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің құрылғанына биыл жиырма бес жыл толып отыр, деп хабарлайды Kaznews ақпарат порталы.

Моңғолиялық БАҚ-та жарияланған ақпаратта Қазақстан астанасында орналасқан ұлттық білім шаңырағындағы журналистика және саясаттану факультеті республика бойынша озық мамандар даярлайтын бірден-бір шығармашыл-педагогикалық ұжым екені айтылады.

Кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, белгілі ақын Серікзат Дүйсенғазы басқаратын ұжым шетелдермен тығыз байланыс орнатқан.

Ол кафедрада Моңғолия мемлекетінің орта және жоғары мектебін бітірген шәкірттер де білімін жалғастырып, еңбек етіп жүргені тілге тиек етіледі осы жазбада.

«Олардың қатарында Баян Өлгийдің тумасы, біраз жылдар телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарған ақын Ықылас Ожайұлын, «Qazaqstan» ұлттық арнасы «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасының жетекшісі Аргентина Жәнібекті, журналистер Ербол Жанат, Аманбек Мағзұмханұлы, телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының магистранты Айжан Қатираны Еркегүл Қайратқызы және басқаларды атап айтсақ болады. Еуразия ұлттық университетінде шетелден келгендерге арналған дайындық курсына келіп түскен жастардың қатарында Баян Өлгий аймағынан келетін шығармашыл талапкерлер көп. Соның бірқатары жыл сайын журналистика және саясаттану факультетіне оқуға түседі. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті келешекте де Монғолиямен байланысын жалғастырып, мектеп бітіруші түлектерді қабылдауға дайын» деп жазады Kaznews.

Қожа Ахмет Ясауиге қатысты маңызды құжат табылды - TRT

Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның тарихына қатысты шежіренің бір бөлігі мен арнайы мөр басылған құжаттар табылды. Құжатта 13-ғасырдан қалған тарихи мәліметтер бар. Шағатай тілінде жазылған шежіренің ұзындығы - 3,5 метр.

Бұл туралы осы аптада Түркия радио телевизия порталы хабарлады.

Айта кету керек, Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның рулық шежіресі, тарихи қолжазбалары және мөр басылған құжаттары Түркістан қаласынан табылған болатын.

Түркиялық БАҚ-тың келтірген дерегінше, тарихи құжат ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, оны Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаның немерелері сақтап келген.

Ғасырлар бойы құпия болып келген құжат енді ғана ашылған.

«Құжатта сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңге жататын тарихи шешімдер, жер атаулары, шекара туралы мәліметтер, адамдардың өмірі мен күнделікті өмір туралы ақпарат қамтылған. Құжат «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне жеткізіледі. Содан кейін оны сарапшылар тексереді. «Әзірет Сұлтан» мұражайының директоры Нұрболат Ахметжанов Қожа Ахмет Ясауиге байланысты зерттеу жұмыстарының әрі елде, әрі шетелде жүргізілетіндігін мәлімдеді» деп жазады Түркия радио телевизия порталы.

Горган-Ақтау бағытында алғашқы әуе рейсі ұшырылды – Фарс

1 сәуірде Иранның Горган қаласынан Қазақстанның Ақтау қаласына алғашқы әуе рейсі ашылды.

Бұл бағыттағы әуе рейстері төрт айға жоспарланған. Халық бұл бағытты қолдаса, рейс саны көбейтіліп, ұшақ апта сайын ұшуы мүмкін, деп хабарлайды Иранның Рarstoday ақпарат агенттігі.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Kish Air әуе компаниясы Горган-Ақтау бағытындағы әуе рейстерін атқарады. Алғашқы төрт айда рейс чертерлік қалыпта болмақ.

Әуе рейсін ашудағы мақсат - сауда-экономикалық және туристік қарым-қатынасты дамыту болып отыр.


Соңғы жаңалықтар