Қытайда жүрдек пойыз рельстен шығып, машинист қаза тапты

Фото: None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Қытайдың Гуйчжоу провинциясында сенбі таңертең жолаушылар жүрдек пойызы лай көшкіні салдарынан рельстен шығып кетті. Салдарынан бір адам қаза тауып, сегізі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі Қытай орталық телеарнасына сілтеме жасап.

D2809 пойызы Гуйян қаласынан (Гуйчжоу провинциясы) Гуанчжоуге (Гуандун провинциясы) бара жатқан. Апат жергілікті уақытпен сағат 10:30-да Жунцзян станциясында болған.

Онда кенет лай көшкіні болып, теміржолды басып қалған. Төтенше жағдай салдарынан жолаушылар пойызының екі вагоны рельстен шығып кетті.

Қытай орталық телеарнасының мәліметінше, қаза тапқан адам пойыздың машинисі, бір жолсерік пен жеті жолаушы жарақат алған.

Зардап шегушілер жергілікті ауруханаға жеткізіліп, оларға медициналық көмек көрсетілді.

Қалған 136 жолаушы шұғыл эвакуацияланды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. ТЖ болған жерде апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар