Қытай тілін меңгеру артықтық етпейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және «Нұрлы жол» бағдарламасы. Өзаратиімді өсім мен өркендеу траекториясы» тақырыбында «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен Қытай Халық Республикасының Елшілігі жариялаған байқау аясында қатысушылардан келіп түскен мақалалар оқырман назарына ұсынылады.

***

Елжан Жұмахан - Қытай мемлекетіндегі Southwest (Шинан) университетінің түлегі. Мамандығы қытай тілінің маманы. Оқытушы магистр. 2010 жылы Қытайдан Қазақстанға қоныс аударып,                          Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде оқытушы болып жұмыс істейді. Қытай тілін еркін меңгерген Елжан Жұмахан мен жұбайы Жұлдыз Мұқтарханқызы Астанада шет тілдерін үйрететін курс ашуды қолға алып, «Panda» орталығын іске қосады. Сонымен қатар, Қазақстанға арнайы ат басын бұрған саяхатшылар үшін «Panda Tours» туристік компаниясында жолға қояды. Қазіргі кезде аталған компанияны басқарып отырған Елжан Жұмаханмен қазақстандықтар үшін атқарған игі істері жөнінде әңгіме өрбіткен едік.

 - Елжан Жұмаханұлы, өзіңіз негізін қалаған «Panda Tours» туристік компаниясының жұмысы туралы айтып берсеңіз.

- Бұл компания жұбайым Жұлдыз Мұқтарханқызының идеясымен қаланды. Ж.Мұқтарханқызы негізінен туризм және менеджмент  мамандығы бойынша қытайда бакалавр, магистр дәрежесін алған. Сондай-ақ, қытай тілінің маманы.  Екеуміздің ойымыз бір жерден шығып, әрі қытай тілін үйрететін, әрі туризм ісімен айналысатын орталық құрып отырмыз. Мақсатымыз Қытайдан келетін саяхатшыларға Қазақстан мәдениетімен таныстыру. Қытайлықтар көп жағдайда Астана, Алматы қалаларын көруге ниет білдіріп жатады. Сол үшін біз екі қалада саяхатшыларға арнайы экскурсия жүргізетін гид-мамандарды дайындадық. Жалпы, біздің елде туристік салаға енді ғана көңіл бөлініп жатқаны жасырын емес. Десек те, өзге елге көрсетуге тұрарлық жақсылықтарымыз да жоқ емес. Саяхатшылар арасында Қазақстанды біле бермейтіндер де бар. Оларға ұлттық құндылықтарымызбен мәдени орындарымызды, ұлттық тағам түрлерін, әсем табиғатымызды таныстырып, тарихымыз, салт-дәстүріміз туралы ақпарат береміз.

-  Ал «Panda» орталығының жұмыс бағыты қандай?

-  Елімізде қытай тілін үйретудің деңгейін көтеру - басты мақсатымыз. Білім саласында жұмыс істегенімізге 11 жылдай уақыт болды. Өзіміз әзірлеген білім бағдарламалары бойынша бірнеше бағытта сабақ жүргіземіз. Осы уақытқа дейін біздің орталықтан 200 ден астам адам тіл үйреніп шықты. Олардың біразы арнайы мамандық алу үшін, Қытай университеттерінде грантқа ие болып,  білім алып жатыр.Орталығымызда қытай тілін үйретіп қана қоймай, шәкірттеріміз тілдерін дамытып, білімдерін жалғастырсын деген ниетпен Қытайдағытүрлі саланың мамандарын дайындайтын 18 университетімен келісім-шартқа отырып байланыс жасап келеміз.  Яғни біздің курсты аяқтаған шәкірттер өзі таңдаған мамандығы бойынша көрші елде білімін жалғастыруына мол  мүмкіндігі бар. Атап айтсақ, түлектеріміз: Шырын Сайлаубекқызы  Ханчжоуда «Electronic Science» университетінде, Жұлдызай Құрпассова Бейжиндегі «China National» университетінде, Динара Дүйсенбек «Shanghai Normal» университетінде, және Абай Шаханов «Shanghai Fudan» университетінде білім алып жатыр. Бұ да болса біздің жетістіктеріміз деп есептеймін.

-  Тіл үйретуші мамандарға  қандай  талаптар  қоясыздар?

-     Оқытушы міндетті түрде «Халықаралық деңгейдегі қытай тілінің оқытушысы» мамандығын алған үздік маман болуы тиіс. Ол сабақ беру барысында 60-70 пайыз қытай тілінде сөйлеуі керек. Сонда ғана сабақ нәтижелі болады. Сауатты сөйлеу мен сауатты жазу да басты талапқа кіреді. Сондай-ақ, қытай тілін жоғары деңгейде меңгергендігін растайтын арнайы сертфикаттары болуы қажет. Біз сабақ барысында мұғалімнің тек тіл үйретумен шектелмей, қытай халқы туралы жан-жақты ақпарат беруін талап етеміз. Шәкірттер тіл үйренумен қатар, қытайлықтардың мәдениетін де біліп алса, артық болмайды деп ойлаймын.Бір қуанарлығы орталығымыздың қытай тілі мамандары осы үдеден шығып отыр. Біздің оқытушыларымыз ҚХР да білім алған халықаралық деңгейдегі қытай тілінен білім беру мамандығының магистрлері, қытай тілін оқыту саласында 10 жылдан астам тәжірибелері бар, соның ішінде қытай жоғары оқу орындарында да қызмет атқарған. Олар Қытайдың тарихын, мәдениеті мен тұрмыс тіршілігін жақсы білетіндіктен, тіл үйретіп қана қоймай, Қытайға байланысты мәселелермен айналысам деушілерге де бағыт-бағдар беріп отырады..

-  Тіл үйрету барысында қандай бағдарламалар қолданасыздар?

- Негізгі оқулығымыз «Encounters» деп аталады. Оқулықтар Қытай үкіметімен Йел университетінің 6 жыл бойы бірлесіп зерттеу нәтижесінде жарыққа шыққан. Басты ерекшелігі тез сөйлеуге жетелейді. Оқыту бағдарламасын өзіміз әзірлеп дайындадық. Бағдарлама қытай тілінің фонетикасы мен иероглиф курсын қамтиды. Біздегі басты ерешелік әр оқытушы сабақ барысында өзі дайындаған әдіс бойынша белгіленген бағдарлама аясында жұмыс істейді. Қытай тілі кәсіпкерлік салада, тілді сауатты меңгеру, балаларға арналған қытай тілі, т.б. алдын ала әзірленген бағдарламалар бар. Тіл үйренуші 3 ай немесе 1 жыл аралығында қалаған саланы таңдап, сол бойынша білім алады. Қытай тілінен HSK, HSKK емтиханына дайындаймыз. Конфуци институтында емтихан тапсырып, сертификатын алған соң, Қытайдың кез келген университетінен грант жеңіп алатыны анық. Біз тіл үйренушілерді Қытайға 1 жылдық тегін курсқа да жіберуге мүмкіндігіміз бар. Бұл курсқа шәкірттер арнайы емтихан тапсыру арқылы таңдалады. Тілді жақсы меңгерген шәкірттеріміздің гид ретінде оқып, осы орталықта жұмыс істеуіне де болады. Олар Қазақстанға келген саяхатшыларға экскурсия жүргізеді. Сонымен қытар, орталықта қытай халқының мәдениеті туралы мағлұмат беретін түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Олардың салт-дәстүрлерімен таныстырамыз.Және керісінше сырттан келген саяхатшыларға қазақ елінің салт - дәстүрін көрсетіп, мәдениетімен таныстырады.

- Өзіңіз білесіз, мемлекетімізде «Үш тұғырлы тіл» саясаты жүзеге асуда.  Осыған көзқарасаңыз қандай? Қазірге қытай тілін меңгеру артықтау емес пе?

- «Бір тіл білсең - бір адамсың, екі тіл білсең - екі адамсың» немесе «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деп бекер айтылмаса керек. Неғұрлым көп тілді меңгерсең дүиетанымыңда, білім өрісіңде кеңейе түсетіні анық. Мәселен, әл-Фарабидің ғұламалыққа жетуі жетпіске жуық тіл білгендігімен тығыз байланысты.  Сондықтан да үш тілді ғана емес, басқа тілдерді де білген дұрыс деп санаймын.

- Қоғамымызда қытай тіліне,  нақтырақ айтсақ нарықта сұраныс бар ма?

- Қазақстан мен қытай арасындағы қарым-қатынастың артуы екі ел арасындағы экономикалық, саяси тағы басқа да байланысты күшейтеді.  Әрине, ол үшін басты орында тіл білу шығады.  Астана қаласының өзінен Қытай тілінің күрделілігімен иероглифтік жазбасына қарамастан, «қытай тілін үйренсем» деген талапкерлер саны артып келеді. Яғни,  Қытай мемлекетімен байланыс күшейген сайын қытай тіліне деген сұраныс жоғары болатынын тәжірибеден байқап отырмыз.

- «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесінде шет елден келген қонақтарға қызмет көрсете алдыңыздар ма?

- Әрине, Expo кезінде қытайдан келген туристтер үшін қытый тілінде жүргізетін 30 гид-экскурсовод дайындадық. Қытай делегациясын қарсы алып, ішкі Монғолия және Фуджиян провинциясынан келген делегациялардың іс-шараларын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткіздік. Көрме аясында өткізген экономикалық форумда синхронды аударма жұмысымен де айналыстық. Тіпті, аудармашы мамандарымыз «Шиншин» құрылыс компаниясының аудармаларын орыс-қытай, қытай-орыс тіліне тікелей аударма жасап, өзара келісім-шарт жасасуға ықпалдарын тигізді. Астана ғана емес, Алматыдағы  «Атакент» көрмесіне келген қытайлықтарды Дыджияң провинциясында «Юанда» компаниясының  делегациясына қызмет көрсеттік. Сонымен қатар биылғы жылы Қытайдың Циндао қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитының жариялау шараларының Қазақстандық өкілі болдық.

- Фото-коллаждарыңыздан Астана қаласында ғана емес, республиканың барлық өңірлерінде қызмет көрсететінідеріңізді байқап отырмын.

- Дұрыс айтасыз. Еліміздің кез келген өңіріне қызмет бабымен Қытайдан келген делегацияларға аудармашы қажет болса аудармашыларымыз, экскурсия қажет болса гидтарымыз қызмет көрсете алады. Атап айтсақ, жақында Хилуңджиян провинциясының «China Harbin Overseas Tourist» компаниясынан келген делегаттардың құжаттарын, Синджиян телеарнасымен хабар арнасының арасындағы келісім-шарттарын аудардық. 2017 жылы өткен экономикалық форумда «Жібек жолы» туризм басшылығымен, ОҚО әкімшілігімен кездесулерде аударма жасадық. Үстіміздегі жылы қаңтар айынан бүгінгі күнге дейін Қытайдан 5000 ға жуық транзитпен келген туристтерді қарсы алып, еліміздің көрікті жерлеріне саяхат жасап, таныстырып қайттық. Сондай-ақ, біздің мамандарымыз өз тәжірибелерімен де бөлісуге дайын. Тараз, Шымкент қаласында «Атамекен» палатасында Жамбыл облысының қонақ үйлерінде, мұражайларға турфирмаларға қытай тілінен шеберлік сыныптарын өткізді. Басқа қалалардан да сұраныстар бар. Алдағы уақытта қытай-қазақ, қытай-орыс тілдерінен тікелей аудару бойынша дәрістер жүргіземіз.
null null 

- Қытайдың «Бір жол - бір белдеу» стратегиясы жөнінде не айтар едіңіз?

- Қытай тарапынан ұсынылып отырған стратегия Ұлы Жібек жолын жолға қойып, қайта жаңғырту болып табылады. Жібек жолы еліміздің экономикасын дамытуда аса маңызды. Бұл стратегия президентіміз                       Н.Ә. Назарбаев ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасымен үндес деуге болады. Біздің мақсатымыз қос бағдарламаны қолдап, азаматтарымызға қытай тілін үйретсек, мемлекетіміздің аспанасты елмен ынтымақтастығын артыруда теңізге құйған тамшыдай болса да қосқан  үлесіміз деп білемін. 
null null 

Әңгімеңізге рахмет! Қиын да, қызықты тілді үйретуде істеріңізге сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан:  Лаура Дәуренбекова, Астана қаласы


Соңғы жаңалықтар