Қытай бокстан лицензиялық турнирді белгісіз уақытқа кейінге шегерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Ухан қаласында өтуі тиіс болған бокстан Азиялық квалификациялық турнир белгісіз уақытқа кейінге шегерілді. Бұл туралы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті жарысты ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«3-14 ақпан аралығында бокстан Азия/Океания аймақтық іріктеу турнирі Қытайдың Ухан қаласында өтуі тиіс болатын. Аталған турнирде ерлер мен әйелдерді қоса есептегенде Токио Олимпиадасына 63 лицензия сарапқа салынатыны күтілген. Бүгін таңертең аккредитациядан өткен медиа өкілдеріне арналған хатта іріктеу турнирінің белгісіз уақытқа ауыстырылғаны айтылды. Ұйымдастыру комитетінің мәлемдеуінше, әрі қарайғы ақпаратты Халықаралық Олимпиада комитеті таратады», - делінген ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінде.

Жарыстың кейінге шегерілуіне осы күндері Қытайда, соның ішінде Ухан қаласында белгісіз пневмониялық вирустың өршуі себеп болған.

«Ухан қаласында пневмонияның асқынуына себеп болған коронавирустың таралуына байланысты, адамдардың денсаулығына нұқсан келтірмеу мақсатында жергілікті ұйымдастыру комитеті турнирді кейінге қалдыруды жөн көрді», - делінген хатта.

Айта кетелік, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі жаңа ереже бойынша өткізіледі. Оған сәйкес, боксшылар төртжылдық додасына жолдама алу үшін құрлықтық іріктеу додаларында бақ сынау қажет. 2020 жылдың ақпаны мен мамыры аралығында бокстан құрлықтық және әлемдік іріктеу турнирлері ұйымдастырылады. Африкадағы бәсеке 2020 жылдың 20-29 ақпаны аралығында Дакарда (Сенегал), Еуропадағы іріктеу сыны 13-23 наурыз күндері Лондонда (Ұлыбритания) өтеді. Америкалықтар 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында Буэнос-Айресте (Аргентина) жолдамаға таласады. Ал әлемдік іріктеу турнирі мамыр айында Францияның Париж қаласында ұйымдастырылады.





Соңғы жаңалықтар