Қысылтаяң кезде жұмысшыны қысқартпау маңызды – Бақытжан Нұрбаев, кәсіпкер

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазіргідей қысылтаяң кезде жұмысшыны қысқартпай, бір-бірімізге қолұшын соза білуіміз керек. Бұл туралы батысқазақстандық кәсіпкер, «Стройкомбинат» ЖШС директоры Бақытжан Нұрбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың маңызы зор.

«Мемлекет басшысының осындай күрделі кезеңде жасаған мәлімдемесі күллі елге демеу берері сөзсіз. Әсіресе, індетке байланысты қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік жағынан табысы аз азаматтарға, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету ерекше маңызды. Президент тапсырмасына сәйкес отандық бизнес саласы да ұмыт қалып отырған жоқ. Ендеше, бұған біз де іспен жауап беріп, өз үлесімізді қосуға тиістіміз», дейді кәсіпкер.

Оның сөзіне қарағанда, өзі басшылық ететін кәсіпорында 240 адам еңбек етеді.

«Біз, түптеп келгенде, әр жұмысшы үшін, олардың денсаулығы үшін жауаптымыз. Бұған дейін де ешкімді қысқартқан жоқпыз. Жалақы уақтылы берілуде. Тапсырыстар бар, соған сәйкес еңбек етудеміз. Біз өндіретін керамзит сынды құрылыс материалдары өзге өңірлерге, соның ішінде елордамызға жөнелтіледі. Елімізде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан бері қауіпсіздік шараларына барынша көңіл бөлудеміз. Цехтар дезинфекияланып, жұмысшылар жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілді. Өз еңбеккерлерімізбен қатар қалаға да көмек берудеміз. Мысалы, әйелдер үйлерінде отырып, маска тігіп жатыр екен. Соларға материал керек деген соң, қаржылай жәрдем бердім. Біз бір болсақ қана қай індет пен кеселді де жеңеміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне кәсіпкер әрі Орал қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Бақытжан Нұрбаев.


Соңғы жаңалықтар