Қыста небәрі 16 градус жылы: Мектеп директоры Алтай Көлгіновке шағымданды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қала әкімі Алтай Көлгінов қыста жылыту жүйесі нашар, шатырынан су сорғалайтын №75 мектеп-лицейде болып, жағдайды өз көзімен көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, А.Көлгіновтің мектеп директорларымен кездесуі барысында аталмыш оқу орнының басшысы мектептің нашар жылытылуына және содан туындайтын бірқатар проблемаларға шағымданған. Бүгін шаһар басшысы аудан әкімімен және Білім басқармасының басшысымен білім ордасына барды.

«Күзде, қыста мектеп суық. Небәрі 14-16 градус жылы. Асхана, спортзал және тағы бірнеше кабинеттердің шатырынан су кетеді. Үнемі шелектерді пайдалануға тура келеді. Кондиционерлерді қолданып ауаны жылытамыз деген ой бар. Оқу орны 2014 жылы ғана салынды», - деді мектеп-лицей директоры Салтанат Тоғатаева.

А. Көлгінов мердігер ұйым проблеманы жоюға тиіс екенін атап өтті. «Мектеп ғимаратына небәрі 5 жыл ғана. Алайда, шатыры қолданыстан шығып, су кетіп жатыр, температура тек 14-16 градусқа жетеді. Бұрын салынған мектептер жаңа мектептер сияқты жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Оқу орнында техникалық тексеру жүргізу қажет. Мердігерлер мәселені шешу керек, кепілдік мерзімі бар. Білім басқармасы тарапынан нашар бақылау жүргізіліп жатқаны байқалады! Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқуға қолайлы жағдай жасау керек», - деді ол.

Оқу орны 2014 жылы пайдалануға берілді, биылғы оқу жылында мектепке 3700 оқушы барады.


Соңғы жаңалықтар