Қысқы универсиада ойындары жалауын көтерді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресейдің Красноярск қаласында қысқы универсиада ойындары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Универсиада ойындарының тарихы 1924 жылдан бастау алады. Ол 1959 жылға дейін бүкіләлемдік университет ойындары аталып келді. 1959 жылдан бастап универсиада болып танылды. Оған қатысу талаптары енгізілді. Ол бойынша 17 жасқа толған және 28 жастан аспаған жігіттер мен қыздар аталмыш ойындарға қатысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, олар міндетті түрде өз елінің жоғары оқу орнының бірінде білім алатын болуы тиіс.

Бүгінгі универсиаданың ашылу салтанатына Халықаралық Олимпиада комитетінің пезиденті Томас Бах, Халықаралық студенттер спорты федерациясының президенті Олег Матыцин тілектестігін білдірді. Аталмыш шараға арнайы келген Ресей президенті универсиада ашылуымен құттықтады.

Аталмыш универсиада ойындары 2-12 наурыз аралығында өткізіледі. Онда биатлон, тау шаңғысы спорты, керлинг, шаңғымен жарыс, сноуборд, шаңғымен спорттық бағдарлау, мәнерлеп сырғанау, фристайл, бенди, шайбалы хоккей, шорт-трек секілді спорт түрлерінен жүлделер сарапқа салынады. Оған әлемнің 50-ден астам елінен жастар келді. Универсиада барысында спорттың 11 түрінен үш мыңнан астам үміткер 76 медаль жиынтығын сарапқа салады.

Естеріңізге сала кетелік, бұдан бұрынғы универсиада ойыны 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпанында Қазақстанның Алматы қаласында өткізілді. Онда дүниежүзінің 56 елінен келген спортшылар 12 сайыс түрінен жарыс жолына шығып, жүлделерді сарапқа салды. Сол жылы Қазақстан құрамасы сапындағы жігіттер мен қыздар барлығы 36 медальге қол жеткізді. Оның ішінде 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль алды.

Ендігі кезекте сондай көрсеткішке қол жеткізе аламыз ба? Еліміздің спортшылары аталмыш универсиада ойындарына ақпан айының соңғы күндерінде аттанып кетті. Біздің құрама сапындағы 95 саңлағымыз спорттың 9 түрінен бақ сынайды. Қазақстандықтар сноуборд, шаңғымен спорттық бағдарлау, фристайл (могул, ски-кросс, акробатика), тау шаңғысы спорты, мәнерлеп сырғанау, шаңғымен жарыс, шорт-трек, бенди, шайбалы хоккей спорттарынан сынға түседі.

Бүгінгі күнге дейін кейбір спорт түрлерінен сайыстар басталып кетті. Бендиден Қазақстан құрамасы Ресей, Швеция, Норвегия және Финляндия құрамаларымен бақ сынайды. 1 наурызда біздің құрам Ресейден жеңіліп қалды.

Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуінде ірі есеппен жеңіске жетті. Біздің жігіттер Латвияны 10:1 есебімен тізе бүктірді.

Соңғы жаңалықтар