Қырымбек Көшербаев: Қазақ әдебиетінің антологиясын алған елдерден 100-ге жуық алғыс хат келді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әлемнің 6 тіліне аударылған қазақ әдебиетінің антологияларын алған 100 жуық елдің белгілі тұлғалары мен ұйымдарынан алғыс хаттар келді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Антологияларды алған көп елде бұл тартуымызды шынайы халықтық және мәдени дипломатияның биік үлгісі деп танып алғыстарын айтып жатыр. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания Білім министрі Гэвин Уильямсон сияқты көптеген елдің мемлекет қайраткерлерінен, әлемнің ірі оқу орындары мен кітапхана басшыларынан 100-ге жуық алғыс хат келді», - деді Қырымбек Көшербаев бүгін Алматыда өткен жиын барысында.

Оның айтуынша, қазақ әдебиетінің антологиялары ірі кітапхана қорлары мен ондағы ерекше кітаптарды есепке алатын WorldCat деп аталатын халықаралық библиографиялық жүйеге енді.

Сонымен қатар, ағылшын тіліндегі аудармаға атсалысқан Кембридж университеті баспасының ұсынысы бойынша бұл антологиялар Лондонда өтетін Халықаралық кітап көрмесі аясында аударма әдебиеті байқауына түсіп жатыр. Байқаудың нәтижесі наурыз айында жарияланады.

Бұдан бөлек, жиын барысында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев көпшілікке ұсынылған еңбектер кәсіби мамандардың жоғары бағасына ие болғанын атап өтті.

«Бүгін елдің назарына ұсынылып отырған еңбектер елімізде ғана емес, шет елдердің де кәсіби мамандарының жоғары бағасына ие болыпты. Мәселен, Сервантес институтының жетекшісі Роса Леон «бұл жинақтардың жарық көруі – мәдениеттер сабақтастығында зор мәнге ие» деді. Ал «Мишель де Мол» баспа үйінің бас редакторы, белгілі француз лингвисі, ақын Тьерри-де-ла-Круа «Антология – қазақ елін әлемге танытуда зор жетістіктерге жетті, оқырмандарымыз көбейе түсті» деп хабарлады. Мұның барлығы да мәдени өміріміздегі зор табыстар деп ойлаймын», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кету керек, бүгін Алматыда БҰҰ 6 тіліне аударылған қазақ прозасы мен поэзиясының антологияларының 120 мың данамен басылып шығып әлемдік оқырманға жол тартуына байланысты мәдени шара өтті.



Соңғы жаңалықтар