Қырғызстанда Алаш зиялыларына қатысты жаңа еңбектер таныстырылды

None
None
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бүгін Бішкекте Халықаралық Түркі академиясы Жүсіп Абдрахманов пен Қасым Тыныстановқа қатысты жаңа еңбектерді таныстырды. Бұл туралы ҚазАқпарат Халықаралық Түркі академиясына сілтеме жасап хабарлайды.

Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтында қырғыз халқының көрнекті тұлғалары – Жүсіп Абдрахманов пен Қасым Тыныстановтың туғанына 120 жыл толуына арналған алқалы жиын аясында «Қасым жырлары» және мемлекеттік қайраткер Жүсіп Абдрахмановқа қатысты архивтік материалдар жинағының тұсаукесері рәсімі өтті.

Тағылымды шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Ұлттық Ғылым академиясының президенті Мурат Жуматаев, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаты Каныбек Иманалиев, Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты директоры Абдылдажан Акматалиев, танымал қырғыз тарихшысы Зайнидин Курманов, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Айта кету керек, Қасым Тыныстановтың 1925 жылы қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көрген «Қасым жырлары» атты кітабы Түркі академиясы тарапынан түрік тіліне толық аударылып, факсимилесімен қоса академиялық жинақ ретінде жариянып отыр. Бірегей басылымдағы жырлар қырғызша латын әліпбиінде және түрікше аудармасымен қатарластыра берілген.

Сонымен қатар, саяси тұлға Жүсіп Абдрахманов туралы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архиві, ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві қорларындағы құнды тарихи материалдары топтастырылған жинақ оқырманға жол тартты.

Жиын соңында қазақ-қырғыз ғылыми байланыстарын нығайтудағы белсенді еңбегі үшін Арслан Койчиев, Каныбек Иманалиев, Зайнидин Курманов, Түркі академиясының Алтын медалімен, Айнура Кадырманбетова, Аида Кубатова, Тамила Маматова Күміс медалімен, ал Негизбек Шабданалиев пен Миргүл Текешова Құрмет грамотасымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар