Қылмыстық заңнамадағы өлім жазасын алып тастауға қатысты түзетулер енгізілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметовтың айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздік алған кезден бастап өлім жазасының күшін кезең-кезеңмен жою бағытына сүйеніп келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында қылмыстық заңның нормаларын Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіруді тапсыра отырып, өлім жазасын жоюдағы елдің саяси бағытын тағы да растады.

«Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстанда өлім жазасы қандай да бір ескертусіз жойылуға тиіс екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Комитет қылмыстық заңнамадағы өлім жазасын алып тастау туралы тиісті түзетулер дайындады. Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ өлім жазасы туралы ережелерді қамтитын екі заңға түзетулер қолдау тапты», - деді А. Қожахметов.

Бұған қоса, өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге ратификацияланған Екінші Факультативтік хаттаманың редакциясы нақтыланды.

Қазақстан Республикасында өлім жазасының толық жойылуы ұлттық заңнаманы қабылданған халықаралық құқықтық міндеттемелерге сәйкес үндестіру мен адам құқықтарын қамтамасыз етуге және ең жоғары конституциялық құндылық – өмір сүру құқығына кепілдік беруге ықпал ететін болады.


Соңғы жаңалықтар