Қылмыстық топ қымбат көліктерді жалға алып, ломбардқа өткізіп келген

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте ұйымдасқан қылмыстық топ арендаға берілген қымбат көліктерге қолдан құжат жасап, ломбардқа өткізіп келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаладағы ломбардтардың бірінде жұмыс істеген қылмыстық топ басшысы өз тәжірибесіне сүйеніп, қомақты ақша табудың жолын ойлап тапқан. Содан қасына 8 танысын тартқан.

Қылмыстық топтың әр мүшесі өздеріне жүктелген міндетті мүдірмей орындап отырған. Бірі жалға қымбат көліктер табумен айналысса, екіншісі оларға жалған құжат жасаған. Кейін машиналарды автоломбардтарға өткізген.

Осылайша күдіктілер кесте бойынша әрекет етіп, бір жыл ішінде «Lexus LX 570», «Toyota Land Cruiser 200» сияқты қымбат 5 шетелдік көлікті ломбардтарға қалдырып, қаржы алған.

Біраз уақыттан кейін қарыз алушылармен байланысқа шыға алмаған ломбард қызметкерлері алаяқтық туралы полицияға хабарлаған.

Жәбірленушілерге келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен 40 млн теңгені құрайды.

Тәртіп сақшылары қылмыстық іс бойынша 9 күдіктіні қолға түсірді.

«Қылмыстық іс бірнеше бап бойынша тіркелді: ҚР ҚК-нің 262-бабымен «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу», ҚР ҚК-нің 190-бабымен «Алаяқтық», ҚР ҚК-нің 385-бабымен «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу», ҚР ҚК-нің 386-бабымен «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлік құралын өткізу».

Қазіргі уақытта ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық мүшесі, яғни 9 адам қамауда. Қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.


Соңғы жаңалықтар