Қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Құқық қорғау жүйесінің толыққанды реформасы Қазақстан Республикасын дамытудың заманауи кезеңіндегі ең өзекті міндеттерінің бірі болып қалады.

Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты Елбасы мен Қазақстан Республикасы Президентінің тиісті тапсырмаларын орындау бойынша жұмысты жалғастыруда.

30 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.

Кеңес жұмысына Ішкі істер министрлігінің, Бас прокуратураның, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (бұдан әрі – Комитет) және оның аумақтық бөлімшелерінің басшылық құрамы қатысты.

Ішкі істер министірі Е.З. Тұрғымбаев Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көрсетілген пенитенциарлық жүйені дамыту міндеттерін орындау нәтижелерін ұсынды.

Атап айтқанда, бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазалау шараларын практикаға кеңінен енгізу қамтамасыз етілді.

Егер 2009 жылы бас бостандығын шектеу сияқты жазаның түрін республика соттары 781 сотталғандарға қатысты тағайындаған болса, 2019 жылы аталған қылмыстық жауапкершілік шараларына 9 495 немесе 12 есе көп адам тартылған.

Сондай- ақ, бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаның басқа түрлерін қолдану аясы айтарлықтай кеңейді: қоғамдық жұмыстар - 3,8 есе (1 213-тен 4 638-ге дейін) және айыппұлдар-2,3 есе (1 765-тен 4 082-ге дейін).

Қабылданған шаралар салдарынан қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тұлғалардың саны 2010 жылғы 63 643-тен 2020 жылы 29 841-ке дейін қысқарды; «Түрме халқының индексінде» Қазақстан Республикасы 13-орыннан 99-орынға ауысып, өз позицияларын айтарлықтай жақсартты.

Заңнамалық база маңызды жаңаруға ұшырады.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық-атқару кодексі, 2017 жылы – «Пробация туралы» Заң қолданысқа енгізілді.

Қылмыстық-атқару инспекцияларының орнына пробация қызметтері құрылды, олардың негізгі функцияларының бірі сотталғандарды түзеп-тәрбиелеуге ықпал етуді, оның ішінде тәсілдерді дараландыру қағидаты негізінде, дамыту болды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасы бойынша қылмыстық жазаларды орындау бойынша қызметтің тәрбиелік бөліктерін арттыру идеялары 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарында көрініс тапты.

Өз кезегінде Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Төрағасы сотталғандарды ұстау жағдайы жақсарғанын, туыстарымен әлеуметтік байланыстарды қолдау мақсатында кездесулер мен телефон арқылы сөйлесулер санының артқанын хабарлады.

Сонымен қатар, қылмыстық-атқару мекемелерінде сотталғандарға арналған дүкендердің электронды форматтағы жұмысының шетелдік тәжірибесі енгізілуде.

Ұлт Жоспарының 33-қадамына сәйкес Елбасының 2016 жылғы 8 желтоқсандағы №387 Жарлығымен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясы бекітілді.

Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі ретінде пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту, сотталғандардың еңбекпен қамтылуын, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін қолдана отырып, дамыту болды (Ұлт Жоспарының 34-қадамы).

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерін материалдық қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру мәселелері Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасының 8-бөлімінің нақты іс-шараларының мәні болып табылады (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 897 қаулысымен бекітілген).

2019 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша пенитенциарлық жүйеде сотталғандар құқықтарының сақталу заңдылығының жағдайы Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің арнайы отырысында қаралды.

Үйлестіру кеңесімен қарау нәтижелері бойынша сотталғандар құқықтарының бұзылуын болдырмау жөнінде бірқатар нақты ұсыныстар әзірленді, олар іске асыру сатысында.

Кеңесте ұсынылған уәкілетті органның жұмысы туралы ақпарат Президенттің Көмекшісі-Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ә. Ө. Исекешевпен назарға алынды, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарда көрсетілген бірқатар мақсаттарға қол жеткізілгендігі айқындалды.

Сонымен қатар, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы атап өткендей, қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту қоғамның құқық қорғау саласындағы ең өзекті сұраныстарының бірі болып қала беруде.

Жиналысқа қатысушылардың назары БАҚ пен әлеуметтік желілерде жалғасудағы пенитенциарлық мекемелердің қызметкерлері мен басқа да сотталғандар тарапынан қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтардың құқықтарын өрескел бұзуы туралы жарияланымдарға аударылды.

Қылмыстық-атқару жүйесінің жүйелі проблемаларының қатарында сыбайлас жемқорлық, тыйым салынған заттардың өтуі, пробация қызметінің жұмысындағы формализм, жұмыстың ескірген нысандары мен әдістері, ведомстволық «Еңбек» РМК әлеуетін жеткіліксіз пайдаланылуы атап өтілді.

Өткізілген талқылау барысында Ішкі істер министрлігі мен қылмыстық-атқару жүйесі Комитетінің жауапты басшылары қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту жөніндегі белсенді және ілгерлі жұмысты жалғастыру қажеттігіне бағдарланды.

Оның ішінде қызметтің басым бағыттары ретінде:

- қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қызметінде қазіргі заманғы технологияларды неғұрлым белсенді қолдану (бейне бақылау, онлайн-шағымдану мен бейне көру порталдары және т.б.);

- сотталғандар арасында тәрбие және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, пәрменді психологиялық көмек көрсету, оның ішінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша шаралар қабылдау;

- ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың әлеуетін, мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмдерін неғұрлым тиімді пайдалану және сотталғандардың нақты еңбекпен қамтылу көрсеткіштерін арттыру есебінен қылмыстық-атқару жүйесінің шаруашылық қызметін оңтайландыру;

- пенитенциарлық инфрақұрылымды, бірінші кезекте бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтарды ұстау жағдайларын, жақсарту;

- сотталғандарды қайта әлеуметтендіру бойынша жұмыс тәсілдерін, оның ішінде оны бағалау критерийлерін, қайта қарау;

- мекеме қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасау ықтималдығын болдырмайтын немесе азайтатын күнделікті жұмыс процестерін ұйымдастыру алгоритмдерін әзірлеу және енгізу;

- қылмыстық-атқару жүйесіндегі қызметтің беделін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау.

Талқылау барысында пенитенциарлық мекемелерде қылмыстық жазасын өтеп жатқан азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау кепілдігін арттыру, соның ішінде СОVID-19 пандемиясы жағдайында эпидемияға қарсы қорғау шараларын күшейту қажеттігі бөлек атап өтілді.

Қорытындылай келе, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру мәселелері алдағы уақытта да Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі басшылығының тұрақты бақылауында болатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар