КВИ өршіген аймақтар, оқушылардың сырқаттануы, вакцина - COVID-19-ға қатысты ахуал қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус ырыққа көнер емес. Елімізде де, әлемде де індетке қатысты күнделікті жария етілетін деректер көңіл көншітпейді.

Мәселен, осы уақытқа дейін жер шарының 217 елінде Covid-19 инфекциясына 52 418 640 адам шалдығып, соңғы уақытта сырқаттанушылық өсімі 1,2 пайызға жетті. 1 288 797 адам індет құрбанына айналды. Бүгінде әсіресе инфекцияның өсуі Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде тіркеліп отыр.

Қазақстанда да жағдай мәз емес. Осы жылдың 12 қарашасындағы жағдай бойынша елімізде 118 491 науқас тіркелді. Оның ішінде бүгінгі күні 108 632 науқас сауығып шықты. Дәл қазіргі уақытта 7 941 науқас емделіп жатыр. Өкінішке қарай, 1 899 отандасымыздан айырып қалдық. Сонымен қатар соңғы тәулікте 587 адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды. 1 тамыздан бастап COVID-19 пневмониясына 39 545 адам шалдықты. Оның ішінде 23 351 адам емделіп, сауығып шықты. Ал 9 782 науқас ем қабылдауда. 412 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 188 адамнан пневмония анықталды.

Бүгін еліміздегі коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық ахуалға арналған баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов соңғы 2 аптаның ішінде республиканың барлық өңірінде COVID-19-бен сырқаттанудың күрт өсуі байқалып отырғандығын айтады.

«Сырқаттанушылық барлық өңірде орын алуда. Өткен аптамен салыстырғанда ауру 1,7 есеге өсті. Ауру жұқтырудың 45 пайызы Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Қостанай облысында 4 есеге өссе, Батыс Қазақстан облысында 3,2 есеге артты. Ал Павлодар өңірінде 2,7 есеге көбейіп, айтарлықтай өсім байқалуда. Бүгінгі күні аталған өңірлердің әкімдіктері күшейтілген шараларды қабылдауда», - деді ол.

«Қызыл» және «сары» аймаққа енген өңірлер

Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты карантинді күшейтудің қосымша шаралары қабылданып та отыр. Атап айтар болсақ, санитарлық бекеттер орнатылып, Петропавл мен Көкшетау қалаларына кіру және шығу шектелді. Санитарлық блокпостар да орнатылды. Кейбір облыстарға келетін және кететін әуе мен темір жол қатынасының саны қысқартылды. Темір жол құрамының облыс ішінде жүруіне тыйым салынды. Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс уақыты шектелді. Жұмыс күндері ауданы 800 шаршы метрден асатын сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, азық-түлік емес дүкендердің жұмыс уақытына шектеулер енгізілді. Жұмыс істейтін қызметкерлердің кемінде 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Жиналыстарды офлайн форматта өткізуге толықтай тыйым салдынды. Демалыс және мереке күндері шектеу шаралары толық күшейтілді. Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында әуежайларға, темір жол вокзалдарына күтіп немесе шығарып салатын азаматтардың кіруіне тыйым салынды. Қолында билеті бар азаматтар ғана темір жол мен әуежай вокзалдарына кіре алады.

«Қазіргі уақытта «қызыл аймаққа» Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Қостанай облысы кіріп отыр. Ал «сары аймаққа» Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы кіреді. Қалған өңірлер «жасыл аймаққа» жатады», - деді Ерлан Қиясов.

Оқушылар арасында КВИ белең алып барады

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаевтың деректеріне сәйкес, бүгінде елімізде 825 оқушының коронавиурс жұқтырғаны белгілі болып отыр.

«Біз оқушылар арасындағы сырқаттану мәселесін күн сайын бақылауда ұстап келеміз. Оқу жылы басталғалы бері оқушылар арасында коронавирус инфекциясының 825 жағдайы тіркелді. Оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалар саны - 261. Бұл офлайн режимде білім алушылардың жалпы санының 0,03 пайызын құрайды. Ал онлайн форматта білім алатын балалардың КВИ індетіне шалдығуы 564 оқушы болды. Бұл 0,02 пайызға тең», - деді ол.

Ресми өкілдің дерегінше, соңғы аптада 9 өңірде кезекші сыныпта оқитын оқушылар арасында 62 жағдай тіркелді.

«Балалар арасында ауруға шалдыққандар көп өңірлердің қатарында Шығыс Қазақстан 32, Павлодар 12, Батыс Қазақстан 5 бар. Ал қалған 4 өңірде аурудың бірлі-жарым жағдайы тіркелді. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында - 3 жағдай, Солтүстік Қазақстан мен Атырау облыстарында - 1 жағдай», - деді Ержан Байтанаев.

Міне, осындай деректерге қарамастан аталған өңірлердің эпидемияға қарсы және шектеу шараларын сақтамайтын нысандары санының едеуір ұлғайғаны байқалады. Мәселен, өткен аптада Шығыс Қазақстан облысында шектеу шараларын бұзатын нысандардың үлес салмағы 12-ден 33 пайызға, Алматы облысында 5-тен 12 пайызға артқан.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабына сәйкес, шектеу шаралары талаптарын бұзғаны үшін Түркістан облысында 237, Шығыс Қазақстан облысында 260, Алматы облысында 106 және Ақмола облысында 101 нысанға әкімшілік айыппұл салды», - деді Ержан Байтанаев.

Коронавирус шет елден де келіп жатыр

Есте болса, ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес еліміздің мемлекеттік шекарасы арқылы өтушілерге талап қатаңдатылған болатын. Сол қаулы қабылданған 2020 жылдың 6 қазаннан бастап еліміздің мемлекеттік шекарасының автомобиль өткізу пункттері арқылы 196 мың адам өткен. Оның ішінде 364 адамда оң нәтижесі бар коронавирус инфекциясы анықталды. Ал халықаралық әуе рейстерімен 60 953 жолаушы ұшып келді. 8 827 адамнан тест алдынды. Оң нәтижемен 48 адам анықталды. Атап айтқада, Түркиядан - 16, Мысырдан - 18, БАӘ-ден - 5, Беларусьтан - 7 және Ресейден - 2 адам вирус жұқтырып келген.

Ержан Байтанаевтың айтуынша, Қазақстан аумағында тұруға рұқсаты бар шетелдіктер, олардың отбасы мүшелері, ҚР азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктер үшін еліміздің шекарасын кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді бұл азаматтар мемлекеттік шекараны 90 тәулікте бір рет қана кесіп өте алады.

«Сондай-ақ 2021 жылдың 1 мамырына дейін 57 елдің азаматы үшін визасыз режимді тоқтатуға мәжбүр болдық. 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін Қытай мен Үндістаннан келетін транзиттік жолаушылардың ҚР аумағында 72 сағат визасыз жүру жеңілдігі тоқталды. Украина, БАӘ, Германия, Беларусь, Түркиямен әуе рейстерінің саны қысқарды. Қазақстан аумағына әуе рейстерімен келген барлық адамда, оның ішінде Қазақстан азаматтарында, сондай-ақ екіжақты халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілерде ПТР тестілеу туралы анықтамасы болуы тиіс деген шешім шығарылды», - деді ол.

Қазақстан коронавирусқа қарсы қандай вакцина сатып алуы мүмкін?

Сонымен қатар бүгінгі баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов еліміз коронавирусқа қарсы қандай вакцина сатып алынуы мүмкін екендігін де айтты.

«Бүгінгі күні әлемде белгілі әрі нақтыланған 198 вакцина-кандидат әзірленіп жатыр. 42 вакцина адамдарға клиникалық сынақтан өтуде. Қазіргі уақытта келешегі бар деп 3 вакцинаны бөле қарастырып отырмыз. Олар Оксворд вакцинасы, Ресейде әзірленіп жатқан «Спутник-5» және қазақстандық вакцина», - деді Ерлан Қиясов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Осы орайда вице-министр қазақстандық вакцинаны әзірлеу қай сатыға жеткендігіне тоқталды.

«Бұл вакцинаның алғашқы сынағы өткізіліп, қазіргі уақытта екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Келесі жылдың басында осы вакцинаны бейімдеудің үшінші сатысына кірісеміз деген үміт бар. Ал вакцинациялауға жататын адамдар санына қатысты жұмыс жүргізілуде. Алдын ала болжамды сан 2 млн-нан астам адам болатын. Қазіргі уақытта қосымша контингент анықталып отыр. Сондықтан бұл санды ұлғайта түсеміз. Ал вакцинаны таңдау сынақтың үшінші кезеңі өткізіліп, оны тіркеудің барлық заңды процедуралары жүргізілгеннен кейін ғана анықталады», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Айта кетерлігі, кеше Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескен болатын. РФ Президентінің ресми сайты таратқан ақпаратқа қарағанда, тараптар әңгімелесу барысында коронавирус пандемиясымен күрес, оның ішінде Қазақстан аумағында бірлескен вакцина өндірісін ұйымдастыру жоспары талқыланған. Осы мәселеге қатысты пікір білдірген Ерлан Қиясов бірлескен вакцина өндірісі мәселесі аяқ астынан көтерілгендігін айтады.

«Кеше Мемлекет басшылары телефон арқылы әңгімелесу барысында бұл мәселені көтерді. Бүгінгі күні бұл мәселе пысықталуда. Бұл идея бір күн бұрын ғана туған еді. Сондықтан дәл қазір нақты ештеңе айта алмаймын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар