Квазимемлекеттік сектор компания басшыларының жауапкершілігін нормативтік тұрғыдан қарастыру ұсынылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда квазимемлекеттік сектор компаниялары бірінші басшыларының жауапкершілігін нормативтік тұрғыдан қарастыру ұсынылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Министрлік Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының уақтылы орындалуына бақылауды күшейтті. Ол үшін нысандарды өткізу тәсілдері әзірленді. Оған сәйкес нысандардың 50 пайызы осы жылы, 30 пайызы 2022 жылы және 2023 және 2024 жылдары 10 пайыздан сатуға қойылуы тиіс. Бұдан басқа, кешенді жоспардың әрбір нысаны бойынша өткізу жол карталары әзірленді және Мемлекеттік мүлік тізіліміне енгізілді. Өз кезегінде, жекешелендіру жоспарының іске асырылуына жауапкершілікті күшейту мақсатында, әкімдіктердің, ұлттық басқарушы холдингтер мен компаниялардың қызметін бағалау кезінде оның орындалуын ескеру ұсынылады»,- деді министр.

Жалпы, оның айтуынша, ұсынылып отырған іс-шаралар 2025 жылдың соңына қарай мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін жалпы ішкі өнімнің 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор компанияларының бірінші басшыларының жауапкершілігін нормативтік тұрғыдан қарастыру ұсынылады. Жауапкершілік даму жоспарларында стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізбегені, оның ішінде квазимемлекеттік компаниялардың шығынға ұшырауына жол бергені үшін көзделетін болады»,- деді Ерұлан Жамаубаев.

Еске салсақ, 1 қыркүйек күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдаудың толық мәтіні мына жерде.


Соңғы жаңалықтар