Күзгі коронавирус қалай өтіп жатыр – Маманмен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат — Коронавирус инфекциясы мутация жағдайында аса жұқпалы болып, күрделі ауруларға әкеп соғуы мүмкін. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының №11 қалалық емханасының инфекционист дәрігері Қоңыр Медетова айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Халықты коронавирустың жаңа толқыны болуы мүмкін деген сұрақ мазалайды. Инфекционист ретінде бұл толқынның қаншалықты мүмкін екенін және қалай қорғану қажеттігін айтып берсеңіз?

- Қазіргі уақытта адамдар эпидемияға қарсы шараларды ұстанбаса, ара қашықтықты сақтамаса, коронавирус инфекциясының екінші толқыны болуы ықтимал. Өйткені, вирус ешқайда кетпейді, ол әлі де осында. Ал одан өзіңізді қорғап, өзге адамдарға жұқтырмау үшін қол гигиенасын сақтап, топ ішінде маска тағып, түшкіріп-жөтелген адамдардан алшақ жүру керек.

- Егер адам өзін жайсыз сезінсе, ең алдымен не істеуге кеңес берер едіңіз?

- Егер адам сырқаттанып қалса, үйде қалып, оқшаулануға және үйдегілердің хал-жағдайын бақылауға кеңес беремін. Осылайша сіз өзіңізді қорғап, вирустың таралуының алдын аласыз. Дене температурасының пайда болса, жөтел мен ентігу байқалса – учаскелік дәрігерге жүгініп, медициналық көмек алу керек және өз симптомдарыңыз туралы хабарлау қажет. Учаскелік дәрігер сіздің жағдайыңызды бақылап, нашарлаған жағдайда ауруханаға жатқыза алады.

- Коронавирустың мутациялануы мүмкін бе және оның салдары қандай болмақ?

- Бұл коронавирустың мутациялық қасиеттері бар. Бірақ біз жаңа вирустың қалай әрекет ететінін, мутацияға түсу-түспеуін білмейміз. Мутация жағдайында ол анағұрлым жұқпалы болып, денсаулық үшін ауыр салдар әкелуі мүмкін.

- Күзгі немесе қысқы коронавирустың жазғы түрінен айырмашылығы бар ма?

- Әзірге COVID-19 ауруын тудыратын коронавирустың маусымдық сипаты расталған жоқ. Бәлкім, қыс мезгілінде тұмаудың маусымдық өршуі коронавирустың қарқынды таралуымен сәйкес келетін шығар. Күзгі немесе қысқы коронавирус клиникалық белгілері бойынша жаздан еш айырмашылығы жоқ.

- Суық күндер басталған соң коронавируспен сырқаттану ахуалы қандай? Адамдар нені білуі керек?

- Дәл қазір вирустың қысқы суықта қалай әрекет ететіні және коронавирус пневмониясының қалай өтетіні белгісіз. Бірақ бұл ауру суыққа жауап беріп, анағұрлым белсенді болуы да мүмкін. Сондықтан қазақстандықтар қыс мезгілінде коронавирус инфекциясынан қорғануға барынша жауапкершілікпен қарауы керек. Қыста иммунитетті төмендететін суық тиюден, стресстен аулақ болу ұсынылады. Дұрыс тамақтану да ағзаның иммундық жүйесіне коронавирус инфекциясын жеңуге көмектеседі.


Соңғы жаңалықтар