Құс тұмауы: Өршу себебі, ет пен жұмыртқадан жұғу қаупі және шаруалардың өтемақы алу тәртібі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстанда құс тұмауының өршуі ілдебайлап індеттен (коронавирустан) шығып келе жатқан жұртты алаңдатып қойғаны рас. Бүгінге дейін ауру бес облыста тіркеліп, құс атаулыны қынадай қырып келеді. Көлденеңінен келген бұл індет адамдарға қауіпті ме? Құс етінен немесе жұмыртқадан адамдарға құс тұмауы жұға ма? Бұл кесел ауыл шаруашылығына қалай әсер етеді? Көкейдегі көп сұраққа Орталық коммуникациялар қызметіне келген мамандар жауап берді.


Құс тұмауы бұл жолы қайдан келді?

ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында бірінші болып сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева бірқатар өңірдегі эпизоотиялық жағдай туралы баян етті. Оның айтуынша, бүгінге дейін 47 елдімекенде (25 аудан мен 5 облыста) құс тұмауынан құстардың қырылу фактісі тіркелген. Жеке үйлерде 12 926 үй құсы, сондай-ақ Солтүстік Қазақстандағы құс фабрикаларында 41 мың құс қырылған.

«Аймақтарды бөліп қарайтын болсақ, СҚО-да 27 ауылда (11 ауданда) құстың қырылу фактісі тіркелді. Оның ішінде құс тұмауы 23 елдімекенде (8 ауданда) расталды. Тиісінше 17 қыркүйектен бастап Ауыл шаруашылығы министрлігі Солтүстік Қазақстандағы жеті ауданнан және Айыртау ауылдық округінен құс өнімдерін шығаруға уақытша тыйым салды», - деді Гүлмира Исаева.

Оның айтуынша, құс өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынған жеті ауданның қатарында Тимирязев, Жамбыл, Қызылжар, Тайынша, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов және М.Жұмабаев аудандары бар.

«19-21 қыркүйек аралығында «Бескөл» құс фабрикасында 41 мыңға тарта құс қырылды. Ақмола облысы туралы айтар болсақ, 5 ауданның 9 ауылында құстың қырылу фактісі тіркелді. Жалпы 286 құс өлді. Тиісінше 19 қыркүйектен бастап Ақмола облысының Жарқайың ауылдық округінен құс өнімдерін сыртқа шығаруға уақытша тыйым салынды. Одан бөлек, Қостанай облысының 6 ауданында осындай жағдай тіркеліп, ол жақтарда 505 құс қырылды», - деді ол.

Тілшілер қауымының спикерлерден білгісі келген ең басты мәліметтерінің бірі «құс тұмауының қайдан шыққаны» еді.

«Эпизоотиялық зерттеу жұмыстары көрсеткендей, алдымен, солтүстіктен оңтүстікке көшіп бара жатқан жабайы құстардың өлімі тіркелген. Ауру ортақ су қоймасын пайдаланудан келіп отыр. Лабораториялық зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін, құстардың қандай диагноздан қырылғаны белгілі болды – ол жоғары патогенді құс тұмауы. Мониторинг барысында жабайы құстардың (аққулар мен үйректердің), қарғалар мен сауысқандардың, көгершіндердің қырылғаны анықталды», - деп жауап берді бұл сұраққа министрліктің өкілі.

Вице-министрдің мәліметінше, Петропавлдағы орталық бақта қырылған қарғалар, сауысқандар мен көгершіндер жиналып алынып, өртелген.

Басты сұрақ: Құс тұмауы адамдарға жұға ма?

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев бұл сұраққа бірден «жоқ» деп жауап берді. Сөзіне сенсек құс етінен немесе жұмыртқасынан адамға құс тұмауы жұқпайды.

«Бірден айта кетейін: вирус адамнан адамға тарамайды. Ауру жұқтырған құстардан адамдардың құс тұмауын жұқтыру жағдайы өте сирек кездеседі. Құс етінен немесе жұмыртқасынан адамға вирус жұққан жағдай мүлде тіркелмеген. Осылайша бүгінгі күні құс тұмауын жұқтырған азаматтардың елде тіркелмегенін айтуға болады», - деді ол.

Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстандағы құс тұмауының өршу жағдайына байланысты бір-бірімен қатынаста болған 400 адам анықталған. Олардың бәрі де құс фабрикасында еңбек ететін қызметкерлер.

«Барлығына медициналық бақылау енгізілді. Олардың жағдайы жақсы. Сонымен бірге құс тұмауының тіркелуіне байланысты Қазақстан аумағында құс еті мен өніміне, сауда орындарында бақылау күшейтілді. Ветеринарлық анықтамалар мен құжаттардың бәрі тексерілуде», - деді ол.

Қырылған үй құсы үшін шаруа иесі өтемақыны қалай алады?

Жиын барысында Гүлмира Исаева құс тұмауынан шығынға батқан шаруа иелеріне мемлекеттен 400 млн теңге бөлінетінін мәлім етті.

«Эпизоотияға қарсы республикалық отряд қырылған құс үшін өтемақы төлейтін ресми ұйым саналады. Жыл бойы әкімдіктерде қырылған мал мен құстың нарықтағы құнын айқындап беретін арнайы комиссиялар жұмыс істейді. Әкімдіктердің шешіміне сәйкес эпизоотияға қарсы республикалық отряд аймақтың ветеринарлық қызметінен керекті материалдардың бәрін алып, құсы қырылған әрбір шаруа иесінің шотына өтемақы аударады. Егер құжаттардың бәрі дұрыс болса, өтемақы үш күннің ішінде түсуі керек. Бүгінгі таңда отрядта 390 млн теңге жинақталған. Осы сома жеке шаруашылықта бағылған және құс тұмауынан қырылған құстардың бағасының айқындалуымен өтемақы ретінде беріледі», - деді Гүлмира Исаева.

Өтемақы алу тәртібі қарапайым: құсы қырылған шаруа иесі банктердің бірінен жеке шот ашады. Ал сол шаруа иесі тұратын аудан әкімдігінің ветеринарлық қызметі қырылған құстардың утилизациялық актісін береді. Осыдан кейін әкімдіктердің жанынан құрылған арнайы комиссия әр аймақ бойынша үй құсының (тауықтың немесе қаздың, үйректің) орташа бағасын шығарады. Осылайша, Эпизоотияға қарсы республикалық отряд тиісті мәліметтерді жинайды: мәселен жеке шаруа иесінің 10 бас құсы қырылса, онда сол аймақта белгіленген құстың орташа бағасы осы 10 құсқа көбейтіліп, шыққан сома үш күннің ішінде шаруа иесінің шотына түседі.

Жұмыртқа тапшылығы туындамайды – АШМ

Бес облыста тіркелген құс тұмауына байланысты елде жұмыртқа тапшылығы туындауы мүмкін бе? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов жауап берді.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 35 құс асырау кешені жұмыс істеп тұр. Олардың қуаты ішкі нарықтың қажеттігін жауып бере алады. Олар сонымен бірге өнімін экспортқа да шығарады. Қазақстанның құс фабрикалары жылына 5 миллиард жұмыртқа өндіреді. Ішкі нарық 106 пайызға орындалып отыр», - деді Еркебұлан Ахметов.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елде жұмыртқаның бағасы бес пайызға арзандаған. Ал құс тұмауы шыққан Солтүстік Қазақстандағы бес құс фабрикасы жұмыртқа өндірумен айналысады.

«Карантин шараларына байланысты екі құс фабрикасының қуаты төмендеп қалды. Алайда шектеу болғанымен, қалған құс фабрикалары өз қуатының есебінен бұл қажеттілікті жабады. Облыс бүгінгі күні жұмыртқа жағынан өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр», - деді департамент директоры.


Соңғы жаңалықтар