Құс тұмауы: Қазақстанда жұмыртқа тапшылығы туындауы мүмкін бе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бес облыста тіркелген құс тұмауына байланысты елде жұмыртқа тапшылығы туындауы мүмкін бе? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы өнімін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда Қазақстанда 35 құс асырау кешені жұмыс істеп тұр. Олардың қуаты ішкі нарықтың қажеттігін жауып бере алады. Олар сонымен бірге өнімін экспортқа да шығарады. Қазақстанның құс фабрикалары жылына 5 миллиард жұмыртқа өндіреді. Ішкі нарық 106 пайызға орындалып отыр», - деді Еркебұлан Ахметов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елде жұмыртқаның бағасы бес пайызға арзандаған. Ал құс тұмауы шыққан Солтүстік Қазақстандағы бес құс фабрикасы жұмыртқа өндірумен айналысады.

«Карантин шараларына байланысты екі құс фабрикасының қуаты төмендеп қалды. Алайда шектеу болғанымен, қалған құс фабрикалары өз қуатының есебінен бұл қажеттілікті жабады. Облыс бүгінгі күні жұмыртқа жағынан өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр», - деді департамент директоры.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева Қазақстанның бес облысында құс тұмауы тіркелгенін мәлім еткен еді.


Соңғы жаңалықтар