Құрылыста импортты алмастыру аясында 33 жаңа жоба іске асырылуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев құрылыс саласындағы импортты алмастыру жайында баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық құрылысты қолдау кезінде құрылыс индустриясына ерекше мән беріледі. Бүгінгі күні құрылыс өнімдері нарығында негізгі материалдарға қажеттілік 669 млрд теңгені құрайды. 330 млрд теңгеге өнім өндіріліп жатыр. 339 млрд теңгеге өнім импортталады. Импортты алмастыру жұмысы аясында 33 жаңа жоба іске асырылып жатыр. Осы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін импорттың үлесі 54 пайызға дейін төмендейді», - деді Қ. Өскенбаев «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Оның сөзіне қарағанда, шыныға сұранысты жабу үшін Қызылорда облысында құны 32 млрд теңге болатын шыны зауыты салынып жатыр. Қосымша Нұр-Сұлтан қаласында құны 13 млрд теңге болатын полиэтиленді құбыр өндірісі іске қосылды («Kerim plastik pipes» ЖШС). Керамика өндірісі («Зерде керамика Ақтөбе» ЖШС) 26 млрд теңге және арматура өндірісі 40 млрд теңгеге («Тараздың армата зауыты» ЖШС) ұлғаяды.

«Қосымша ірі құрылыс компанияларымен және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-мен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 100 пайыз импорт алмастыратын отқа төзімді кірпіш, жабын материалдары, санфаянс және лак-бояу бұйымдары өндірісі жобаларын іске қосу мәселесі пысықталып жатыр. Бүгінгі күні құрылыс саласына және аралас салаларға (құрылыс индустриясы, логистика, сауда, қызмет көрсету және т.б.) шамамен 642 мың қазақстандық тартылған. Тұрғын үй құрылысының қанатқақты жобасы бойынша қосымша бөлінген қаражат шеңберінде 15 мың жұмыс орны құрылып жатыр. Құрылыс индустриясында 29 мыңнан астам азамат жұмысқа орналасты. Импортты алмастыратын 33 кәсіпорында шамамен 8 мың жұмысшы еңбек ететін болады», - деді Қайырбек Өскенбаев.


Соңғы жаңалықтар