Құрылысшылар қауымдастығының басшысы 7-20-25 бағдарламасын сынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков «7-20-25» бағдарламасының талаптары тұрғындардың төлем қабілетімен сәйкеспейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама жүзеге асырыла бастаған алғашқы жылы 100 млрд теңге игерілуі керек болған. Бірақ іс жүзінде тек 40 млрд теңге игерілген.

«Төлем қабілеті бар сұраныстың көлемі уақыт өткен сайын түсіп келеді. Ипотекалық бағдарламалардың көбі мерзімі бітіп, жабылып жатыр. Ал халыққа мемлекет тарапынан қолдау керек. Сонда ғана баспанаға әлеуетті сұраныс пайда болады», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген шағын сұхбатында.

Бұл уәжіне ол «7-20-25»бағдарламасын мысал етіп келтірді.

«7-20-25» бағдарламасы қазір жұмыс істеп тұр. Оны ешкім тоқтатқалы жатқан жоқ. Талайдан бері бар. Бірақ қалай жұмыс істеп тұр – бұл басқа мәселе. Оның жұмыс бағыты дұрыс емес және әу баста өзіне артылған үмітті ақтап жатыр деуге келмейді», - деді сарапшы.

Қауымдастық басшысының пайымынша, бағдарламаға үлескерлік құрылыс нысандары да қатыса алуы керек болған.

«Соның кесірінен тұрғын үй салушылар пәтерлерді тезірек сату үшін заңға қайшы әрекеттерге барып жатыр. Яғни, броньдау тәсілдерін ойлап тауып, алдын ала келісімшарт деген дүниелерді іске қосты. Өйткені бұл бағдарламаның шарты бойынша тек қолданысқа берілген үйді ғана сатып алуға болады», - деді Виктор Микрюков.

Маманның айтуынша, алдағы 2 айда баспана бағасы қымбаттамауы керек.



Соңғы жаңалықтар